Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  87


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

КРЕМПЛИН

Он күн кисең түсетұғын айрылып,
шыт пен бөз ед елдің киім-байлығы.
Бір көйлекті жуған сайын анамыз
қартаятын бес жасқа
шыт пен бөздің тозғыштығын қайғы қып.
Ұрсушы еді ойбайлап:
кетсе айрылып иығың,
құрдастармен күрескенде кейде ойнап.
Он жыл бұрын киіп едік бір костюм,
он жыл бойы күрестік бір құрдаспен:
бір жібінің үзілетін жоқ түрі –
бөріктердің, бетсіздердің көптігі
содан шығар?
Жанымызға жамау түсті көп-көп-көп.
Жыртылмайды жағаң да
қанша жұлқылағанға,
маталар да кетті білем көкбет боп!
Мақта мен жүн тер «ішеді» десе, осы
кремплин, сен не ішесің, не ішесің?
Кремплин, дейді, берік-ті-гі үшін
денсаулықтан қайтарады есесін.
Болды бір кез жұрт ынтық:
әр дүкенді,
әр қойманы бір тінтіп,
іздеп тапса – киім емес,
тор екен
жүрегіңді қамайтұғын бұлқынтып!
Беріктігі үшін тек
болмайды екен мақтауға:
ең бір берік жүйкенің
жібі үзіліп жатқанда.
Кремплин – жат жерлік қой,
ұлы аса
киімің де топырағыңда тумаса!
Әр талшығы темір сын-ды сым-берік,
электро-әнші салған бұ да ән ғой?
Беріктігі – жасанды-лы-ғынан ғой?!
Бірақ уақыт... озу керек түбінде,
рәзен-жібін созу керек түбінде.
Костюм бе әлде,
жігерің бе,
үнің бе –
бірі әйтеуір тозу керек түбінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу