Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.06.2022
121
Арман
Арман...
арман дегенім алдандырып,
Өмір өтіп кеткендей
Жалған күліп?!.
Үйірімнен
Жіберді адастырып,
Қылқындырып
мойынға салған құрық...
«Қылша мойын
талша» деп талдырғанда,
Еңсем түсіп,
есімнен тандырғанда,
малшынсам да
мұңына машақаттың,
Сұрамадым
Жан сауға тағдырдан да!..
Есеңгіреп жүрсем де есім кірмей,
Тұсамысты
қадамым көсілдірмей,
Рухымның
ұясын суытпадым,
Жүрегімнің
жалынын өшірдірмей!..
Құламадым
қайғының қиясынан,
Сағыныштың
сазынан күй асырғам!..
Тарамыстай
тірлікті тарамдаумен
Қиялымды
ұшырдым ұясынан...
Қанаттанды
қайғым да, мұңымдағы,
Тұлғаланды
тұрпатым тұғырдағы!..
Жанып-өшіп
көгімде жұлдыздарым,
кейде жылап,
кей кезде жымыңдады...
Жал-құйрығын
арманның тұлымдады...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter