Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.06.2022
108
Жүрекке сіңіп ақық-нұр...
Жүрекке сіңіп ақық-нұр,
Сезімнің сөлін татып бір,
Бағымда өсіп жайқалып,
Құшағын ашып айқарып,
Балауса буын «Бақыт тұр?!»
Көмкеріп бақтың көрігін,
Өзектен өріп өрімін,
Сәукеле-қызыл шоқтары
Қызулы қоза оттағы,
Тосады Күнге ерінін.
Әй, керім!
Кербез келіндей,
Салтанат сәні серімдей!..
Білезік, сырға, жүзігі –
Салиха сәттің үзігі,
Күн тимей, өскен жел үрлей.
Желпініп жеңіл желменен,
Сезімнің қылын тербеген...
Жазықсыз жаны жаншыла
Таңдайын тосып тамшыға,
Махаббатына шөлдеген.
Сағыныш жатыр сарында,
Тәуекел тұғыр тағында...
Табынған Тәңір – Пірімді,
Сүйкімді, сұлу гүлімді
Тербесем алақанымда?!.
Сыйлықсыз қалсын қыз, мейлің, -
Ғұмырын гүлдің үзбеймін!..
Жапырақ жайып ашылған,
Жұпары жұмсақ шашылған
Гүлімнен медет іздеймін?!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter