Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  133


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Тіршіліктің тозаңына тұншығып...

Тіршіліктің тозаңына тұншығып,
Жапырағын жая алмайды жыршы-үміт.
Зымырандай зуылдаған уақыт
дірілдейді,
тұла бойы түршігіп.
Тұлпарда да тұяқ тозған тебіндей,
Көкірек көз күрсінеді,
егілмей...
Сезім суып,
ой орталап барады,
Түркілердің таптырмаған тегіндей.
Жеті қат Жер,
жеті қат Көк қатталып,
ашпайды сыр ақиқатын ақтарып.
Құмырсқаның күнін кешіп көшті өмір,
жұмағына...
тозағына аттанып.
Тексіз ұрпақ тебінгіні тепкілеп,
Батыс жақтың бұйдасына “ептірек”...
Кәрі көңіл қыл арқандай ширығып,
Ойран ойдан ойнатады отты леп!
Аңсағаны баяғы ма,
бағзы ма?
Аманаттың алдына кеп арзыма!
Туажаттың “топырына тояттап”,
Ақыреттің аялында алжыма!
Арманды да қуалама түлкідей,
Тіршілікке тыжырынба түрпідей.
Алты Алаштың ұранына уанып,
Тағдырыңды Тәңірге бер Түркідей.
Қарасан боп қалғанынша қауқарың,
Тау төсінен құлағанша таутаның,
Ұрпағыңа ұлағатты ұялат,
Жойғанынша жалтаңы мен жаутаңын!
Ханның-дағы,
бектің-дағы, заданың
тай-таласта төңкерген тайқазанын,
түкті жүрек Түркілердің алдында
тізе бүккен аза-мұң!
Қайырлаған қайық ғұмыр-күншілік,
Кәрі көңіл қалтырайды түршігіп...
Туажаттың тірщілігі – Тәңірсіз,
Алаңдайды Алтай-Ата күрсініп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу