Өлеңдер ✍️
Тәуелсіздік
Тәуелсіздік!
Тәуелсіздік... осы ұғым
тіккен баба іргесіне қосынын.
Бодандықтың бұғауынан шошыдым,
Бостандықтың бесіктесі – досымын!
Азаттықтың айдарынан айрылмай,
Аспан мен жер арасында жосыдым.
Жаралғанда жай отындай жарқылдан,
Адырнадан азаттық оқ тартылған.
Бағзы бабам тіл ұшына оралып,
Бостандықтың сабасында бал тұнған.
Ескен желмен еркіндігін қосақтап,
Азияның ен даласын шарқ ұрған.
Іздегені бостандық пен еркіндік,
Азаттығын арманына төркін қып,
Ат үстінде алапатты күн кешті,
Көмкергендей келбетін – шат, көркін – құт!?
Өмірінің өзегіне айналды
босағадан төрге дейін өр – тірлік.
Ешкімге де болмайын деп тәуелді,
Серт байлаған ойы еді әуелгі.
Ағзасына адалдықты қондырған
Жоламайды, жау алмайды сау елді!?
Алтынтаудың қапталында қаптаған
Көктүріктер азаттығын сақтаған...
Шұбырынды із де қалған артында,
Алқакөлге сұлағанда ақ табан.
Бостандықтың бұғауына байланбай,
Тіршілікті табанға сап таптаған.
Салт-дәстүрі құру үшін салтанат,
Азаттығын арманымен алқалап,
Алатауын, Қаратауын, Алтайын
Атандайын жүрді иыққа арқалап.
Қайқы қылыш қыныбына салынбай,
Шаңға бөгіп жатты иен шартарап.
Берекесін берік ұстап бірліктің,
Түтін түзу ұшты киіз түңліктің.
Бөрібасты байрағының астында
Тынымсыз күн өтіп жатты тірліктің,
Алты Алашты алты жаққа айырған
заман туды,
қанатынан қайырған...
Бостандығы бұғауланып бұғақтан,
Азаттығы тұғырынан тайынған
Шақтарда да асау мінез алқынып,
Санасында салқындады сайын маң.
Азаттығын алып қашып Алашым
Шиырлады жазиралы даласын,
Кеңірдекке келгенде де бұғалық,
Тағдырының тоқтатпады таласын!
Көкбөрі- өмір жалап-жалап жарасын,
Шаң қаптырды Атырау– Алтай арасын!
Көз ұшында бара жатты бостандық,
Бірте-бірте кішірейтіп қарасын...
Көктүріктің көгенделіп көп елі,
“көккөздердің” толып қалған көгені.
Асау жүрек, атан жілік көсемдер
Қабырғалы халық қамын жеп еді.
Отарлаушы омыртқасын опырып,
Бұғанасын басқыншы кеп сөгеді.
Бірақ,
бірақ бодаулықтан бұлқынып,
Ахметтер жағаласты жұлқынып.
Сырымдар мен Махамбеттер, Кенелер
Бостандыққа бұрды ат басын ұмтылып...
Азаттықтың ақ жолында арманның,
Жалбырады жаға-жеңі жыртылып...
Тәуелсіздік туын көкке көтерген
Қабанбайлар жүрегінде нұр тұнып,
Артына ерді жұрты нық.
Бұзаудайын босағаға байланған,
Түліктейін шырқ иіріп айдаған,
Алты Алаштың асау тайдай баласы,
Спартактың тобырына айналған.
Ат үстінде арпалысқан қазақтың,
үміт оты ақ қанатын жайды Алдан.
Аңырақай Желтоқсанға ұласты,
тағдыр бірде күліп,
бірде жыласты.
Қашып жүрген,
сасып жүрген Сырымдар
Құмнарында хал-ахуал сұрасты...
Бұл қазақтың жігерін құм қыла алмай,
Басқыншылық басын алып қыр асты.
Тәуелсіздік теңізінде тербеліп,
Түріксойдың тегі сермеп құлашты,
Сіркіретіп сыр ашты.
Тәуелсіздік таңдайыма татыды,
(Бостандықтың бағасы да ақылы.)
көкбайрақты көкке қарай көтеріп,
кеудесінен от өріп,
азаттықтың аңырады ақыны.
(Желтоқсанның жасын тыйды батыры.)
Шағаланың шаңқылдады шат үні...
Тәуелсіздік өздігінен келмеген,
Арапа емес олжалаған көлденең.
Қилы-қилы қиылысқан заманда
ат арытып,
азаматым шөлдеген...
Қанағатын қара суға демдеген,
Жан жарасын үмітпенен емдеген
Менің Елім,
момын Қазақстаным,
Болашаққа қадам басты Елменен,
Өрт-жалындай өрлеген!..
Тәуелсіздік!
терең ұғым– тұңғиық,
Ата-баба арманы боп жүрді ұйып...
Сағыныштың сірнесінен сыр жиып,
Көк аспанда көкбайрағың тұр биік!
Арайланған азаттықтың ақ таңы
атады ылғи,
Қазағымның кеудесіне нұр құйып!..
Түрік– Тәңір тұр биік.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter