Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  155


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Үндемейін деп едім...

Үндемейін деп едім, “Қой аузынан шөп алмай”.
Күн мен түннің көгенін
көгертем деп көкалдай,
Кеудемнің бұзып бөгенін,
отырмын өлең төге алмай...
Тұяқ тозып кетілді, Қызылшақа табаным.
Баққа бұрсам бетімді,
Сөр құдықты табамын.
Өкпегі жоқ өтімді,
Қорсылдайды қабан-үн.
Жалғыз қурай делбелеп,
Жел өтінде ысқырар.
Қара қаңбақ дөңгелеп,
Қауқары жоқ күш қылар,
Жуасиды жөнге кеп,
Медетіңді құштырар.
Жалғыз терек жар басын
тұяғымен көпсітіп,
Сүйрей алмай арбасын,
Өмірін тұр өксітіп.
Сілкілейді қар басын,
қас-қабағын көк шытып.
Тозған тұяқ тырнағы
тағалауға келмейді,
Әлсіз жүрек жұрнағы
дүрсілдейді, өлмейді...
Жетім тірлік қырдағы
Шыбын жаны шөлдейді.
Тіл қатпасам, жарамас,
тарпып тозған тұяқты.
Өмір, өлім жалаңаш
ұмытқандай ұятты,
Дүние түгел шала мас,
Тойдан қайтқан сияқты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу