Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  119


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Айыртаудың қабағы тұр тұнжырап...

Айыртаудың қабағы тұр тұнжырап,
Түн иектеп,
қашықтайды Күн жырақ.
Өркешінің өресіне оралып,
Қорғасын бұлт қапа болып тұр жылап.
Айыртаудың өркешінен ауса күн,
Көрінеді дала алып,
Тау шағын…
Марал мүйіз қарағаны майысып,
Ақ сәулеге тарбыйтады саусағын.
Томарылып торы түсті тобылғы,
Қоралайды ат шаптырым қорымды.
Бұйра-бұйра бүргендердің бедері
өрнектейді жоталар мен жоныңды.
Ата жасты ауырсынбай арқалап
Келіп тұрмын,
Көлеңкеңді қалқалап?!
Сайдан аққан сүрі қардың суына
Сусындайын,
Рұқсат бер, марқабат.
Арқар-құлжа жартасыңда секірген,
Таутекеңнің тұяқтары кетілген.
Қойнауыңда құлыншақтай құлдырап,
Сәби шақтың сайранымен жетілгем.
Көлеңкесі ұзарғанда күнімнің,


Соңына еріп тербетілген тынымның.
Жұсаныңның иісіне мас болып,
Құдіретін көтерейін жырымның.
Жамбасыма төсеп қара тасыңды,
Самалыңа сыйпатып ақ шашымды,
Ұйықтайыншы бұл өмірден бейхабар,
Жартасыңа сүйеп қойып басымды…
Мына тірлік берекемді қашырды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу