Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  110


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Сағынамын

Сағынамын
базарын балалықтың,
Даңғазаны сүймейтін
далалықпын!
Есенгелді есімнен
шығар емес,
Сағыныштан
сарғайып жаралыппын!..
Табанымды
тас тілген Туған жердің
топырағынан тойғанша
нәр алыппын.
Сағынамын
нөсерлі жаңбырын да,
Сағынамын
шапақты таң нұрын да!.
Арманымды
алысқа аттандырған
Тәңірімнің
талабы тағдырымда...
Сағынамын
балалық іздерімді,
Қарақатын,
мойылын үзгенімді...
Сарыбастау
суындай салқындаған
Көңілімнің
көгінен күз көрінді.
Кеше еді ғой
көңілде Күн күлгені,
Кірпігіме
қуаныш ілдіргені?!.
Қоңыр күздің
паналап көлеңкесін,
Бүріседі
Баянай бүлдіргені.
Дала үнсіз,
тау үнсіз тұйықталған,
Боранбайдың
бауырында бұйықты Арман...
Қайран, Ауыл!.
Қаз-қалпы жүрегімнің
түкіпірінде
уыздай ұйып қалған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу