Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  117


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Ұйықтап жатып...

Ұйықтап жатып...
Түнiмен түс көремiн, «күнi қараң екен ғой «кiшкененiң?!»
Айналамда «алыптар» айқасады,
арасында...мүскенемiн.
Дауыл соғып өткендей дүниенi,
Көзiн жұмған,
Көрмейсiң Күн-иенi.
Перiлерi пердесiн быт-шыт қылып,
Қышыйды жын иегi.
Тығыламын тауға да,
Тасқа – дағы,
Тiрi күннiң түйiлiп қас-қабығы.
Бiреуiнен құтылсам, анталайды
Аузын ашып,
Тiс қайрап басқалары.
«Қалам ба?» - деп астында табанының,
тыпыршиды қара түн – қара құрым.
Мен де сiңiп ғарышқа тығылсам ба,
Астына Ай табағының?!
Көз алдымда дүние төңкерiлiп,
Бара жатыр көкжиек көмкерiлiп.
Диназавр, кентавр бiрiн бiрi
Жұтып жатыр,
Тер төгiлiп...
Ұшып шықтым ғарышқа жан ұшырып,
Қалды артта дүние сағы сынып.
Қара түннiң қорасы қорқытады,
Теңiз тулап,
Көл толқып,
Қамыс ұлып.
Қалды артта қорқаулар,
Құбыжықтар,
Топан...
Топан қаптады,
Бұзылып қар.
Жұмыр жердiң тамыры тырсияды,
Көтерiлiп ыстығы,
Қызынып қан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу