Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.06.2022
115
Бозбала шақ барады қырдан асып....
Бозбала шақ барады қырдан асып,
Күн көзiнен үзiлген нұрға ғашық.
Жұмбақ жұлдыз,
Алтын ай,
Қараңғы түн
Құшағында құмығып тұрды адасып.
Қызыл көйлек,
Қызыл гүл,
Қызыл ерiн
Құлпыртады тотыдай түз iреңiн.
Ортекедей ойнаған жүректерден
Қызарады түннiң де жүзi керiм.
Табысады ерiндер үнсiз ғана,
Манаурайды мас болып мұңсыз дала.
Бақылдаса Ұланның құрбақасы,
Түнередi түңлiктей түн сыздана.
Аймаласып түбiнде көк теректiң,
Екi ғашық беттерiн өпкен екпiн.
Айыра алмай айқасқан құшақтарды,
Жамбастайды көдеге өкпелеп түн...
Күнiң де бiр,
Түнiңмен ғашықтарға,
(Сел болады сезiмдi тасытқанда).
Күн келедi қайшылап қос құлағын,
Алтын шашақ сәулесiн асып талға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter