Өлеңдер ✍️
Көзiмдi төмен салғаным...
Көзiмдi төмен салғаным,
Жiгерiм жасып қалғаным.
Жанарды көкке қадасам,
Биiктейдi аласам,
Салбауыр тартып салмағым.
Бәйгенiң басын бермейдi,
Ылдидан төске өрлейдi,
Тұяғы тозбас тарланым.
Тәңiрге жетiп ұраны,
Төркiндеп келiп тұрады,
Алыстап жүрген арманым.
Ұқтың ба?!
Ұқпасаң,
Түсiндiрмеймiн,
Бiлектiң күшiн бiл, деймiн.
Жұлдыздар сиремесiн деп,
Көк аспан күйремесiн деп,
Тiрлiгiң үшiн гүлдеймiн.
Жемiн iлетiн қиядан,
Тынымын табатын ұядан
Көңiлдiң құсын түрлеймiн.
Сездiң бе?!
Сезбесең,
Сезiм өлгенi,
Босағада басың, төрдегi.
Дүниенiң дүрлiккенiнде
Тағдырдың болып тулағы,
Тiрлiктiң талап қулары,
Өмiрдiң болдың ермегi.
Бiлдiң бе?!
Бiлмесең,
Бiлмей өт, кiнәнi,
Баспасын өмiрдiң тұманы!
Көгiңде қалықтап көгершiн,
Көңiлiң көгерсiн!
Алаңсыз тұрмыс құра бер,
Шақырғанша құба бел!
Бақидың өзi ұқтырар,
Пәнидiң көзiнде шық тұрар,
Түйсiгiң сонда ұғады...
Ойсыз жүре бер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter