Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  465


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

«Ата мен немере»

Көтерiлдi жиектен таласа күн,
Ертiс бойы көк тұман,
Қала сағым...
Сағат жетi,
Жетектеп немересiн
Келе жатыр мектепке қара шалың.
Қара қыста қарсы алып қала таңын,
Бiр – бiрiнiң жылтады алақанын.
Автобуска енедi ата-қаздай,
Соңына ертiп сары ауыз балапанын.
Қабағында кiрбең жоқ,
Қанағат бар,
Мұрты мұздап,
Кiрпiгiн жабады ақ қар.
«Ел боламын десең сен, бесiгiңдi
түзет» деген аталық аманат бар.
Таңнан тұрып,
Жанармен жөнеледi,
(Осы шығар қарызын төлегенi?!)
Мынау жалған дүниенiң барлығынан
Артық көрер қара шал немеренi.
Арайланып атады таңы күн де,
Шырайланып кетедi шалы мүлде.
Малынады жүректер махаббатқа,
Ата менен немере жаны бiрге.
Жуасыған жолдардың қашағаны
Қайта шығар кiсiнеп тасадағы,
Немересiн жетектеп жүрген шалдың
Қарт жүрегi көктемдей жасарады.
Күн де ертемен жасаған «жолашарын»,
Қарт көңiлдi,
Нұрымен ораса күн.
Бәйтерегi бақыттың жайқалады,
Жүре берсе жетектеп болашағын!
Күлiмдейдi бетiне қараса кiм,
Атасындай биiктiң, аласаның...
Сағат жетi,
Жетектеп немересiн
Кетiп барат мектепке қара шалың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу