Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.06.2022
120
Есенгелдiдей ауылым...
Есенгелдiдей ауылым,
Сағынды сенi құлының.
Езiлiп бүгiн бауырың,
Жыртылып тұр-ау жұлығың?!
Бар едi сенде даналық,
Ұлағат сөзi ұлының.
Бал жалап өткен балалық
Жүр ме екен тарап тұлымын?!
Сол қалпы елестейтiнi
Несi екен әлi көзiме?!
Түсiме енiп кей түнi,
Жолығам сәби кезiме.
Жусан мен күннiң иiсi
Жүретiн бойда бұрқырап...
Кетiп тұр бүгiн күйiсi,
Жұбанбай көңiл шұрқырап.
Күндерiм қайда?..
Iздеймiн
Тiзеден балақ түрiнiп.
Салыңқы қабақ күздеймiн,
Кетемiн кейде сүрiнiп.
Қартайдым ба екен әлде мен,
Белдiгi жанның босаған?!
Айтылар соңғы «әнменен»
Барамын көшiп,
«Қош– аман!..»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter