Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  123


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Не берер келер күн...

Не берер келер күн,
Көп, аз ба кедергім?
Бәйгеден келер кім,
Деп ойға бөгелдім.
Көктемдей көгердім,
Жерге дән егермін.
Досыммен бөлермін,
Қарызды төлермін.
Қиялап қиынға,
Желпіндім жиында.
Тартатын сыйын да,
бағалап тиынға!
Бұлдаса бұйымға,
Соғамын құйынға.
Күдік тұр биыл да,
Шыңылдап мыйымда.
Боз дала боздайды,
Іштен шер қозғайды.
Шолақ ой озбайды,
Келте тон тозбайды.
Ошақта от қоздайды,
От қолын созбайды.
Сұлуға бөз қайғы,
Ақынға сөз қайғы.
Ата салт-санасын,
ұмытып барасың.
Молайтып қарасын,
Көбейтіп таласын,
Бересің, аласың,
Қарыз боп қаласың.
Ақ, қара арасын
шарлап жүр «Алашың».
Көміліп көп белгің,
Жоғалар көктем күн.
Кезінде көк белдің
гүлдерін көп тердің.
Бауырлап бөктердің
қызығын өткердің.
Баласы текті Елдің
болсам-ау деп келдің.
Сенің де алғаның,
Менің де алғаным,
Салды ма жанға мұң?!
Талды ма таңдарым?!
Білмеймін, жалғаным
үмітті алдадың …
Сапа жоқ, сандамын,
Мұндамын… андамын …




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу