Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  114


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Асау Ертістей тасыған...

Асау Ертістей тасыған,
Жалғанды жарып өткім келеді,
Халқымды сипап басымнан,
Тірлігін жарық еткім келеді.
Алтайдың шығып шыңына,
көгіне қолды созғым келеді.
Ноқталап мініп жынына,
Заманнан озғым келеді.
Қаламды қолдан лақтырып,
Өлең мен жырды жыртқым келеді,
Мезгілсіз таңды аттырып,
Ақынның мұңын құртқым келеді.
Күйкілік күнді табанда
өлтіре езіп өтсем деп едім,
Күнімді салмай жаманға,
Даланы кезіп кетсем көкөрім.
Жақсылық менен жерінсе,
Қияметте қоштассам деп едім,
Көк бөрі ұлуға ерінсе,
Жалын жеп, от бассам деп едім!..
Кінәмді артып мойынға,
Бүркіттей бүрсең де мейлің.
Халықтың мәңгі ойында
жаңғырып жүрсем бе деймін!?
Жер басқан мен де пендемін,
Қуаныш-мұңды теңге бөлетін.
Астында ақшыл перденің
рухы көкте, өзі жерде өлетін…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу