Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.06.2022
119
Дәміндей даладағы дермененің...
Дәміндей даладағы дермененің,
Қалмады ащы-тұщы көрмегенім.
Сайымда саяқтайын сайрандамай,
Қобыз боп күңіренді кермедегі үн.
Мұқалды қылыш тілім қылпылдаған,
аңырды арман алға ұмтылмаған.
Кезеңнен тосып кесір отамалы,
қалмады жаға-жеңім жыртылмаған.
Өмірдің өзегінен өткен күн-түн
төбеме төндіреді көктен бұлтын,
Шаттықтың шәрбатынан сусындамай,
Кеудеде қалды ұйып көктем-күлкім.
Бағыт дым,
бағдар бұлдыр,
жол ықтырма…
Жөнекей жартасына жолықтым ба?!
Күн жемір,
түн көмірдей қараңғылық ,
жұлдызсыз,
Айсыз аспан торықтырма.
Өмір ме?..
өмір өткен баяғыда,
Жете алмай пәтуаның баянына.
сүлдемнің су шекпенін суға малып,
Сүйенем сүмбіленің таяғына…
Жалғанның жем түскендей аяғына…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter