Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  141


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ҒИБРАТ

Ай... ай... ай.
Ал, жамағат тыңдаңыз,
Думан-сауық іздеген.
Айтылады термеміз,
Толғаулы тоқсан тілменен.
Өткенді еске түсірсем,
Тотықұстай түрленем.
Əдеп-иба үлгіміз,
Тараған еді іргеден.
Болса алыңыз ғибрат,
Өтінерім сіздерден.
Жорға менен жүйрікті,
Кім бар дейсің мінбеген.
Айдай күлген сұлуды,
Кім бар дейсің сүймеген.
Қымызды кім ішпеген,
Кімдер ойнап күлмеген.
Торғын менен торқаны,
Кім бар дейсің кимеген.
Дүние деген түлкіні,
Қыран боп кімдер ілмеген.
Пай-пай, пай-пай, жалған-ай,
Отыңа кімдер күймеген.
Ай... ай... ай.
Арқар мүйіз садақты,
Кім бар дейсің имеген.
Тебінгіге тер қатып,
Кім бар дейсің жүрмеген.
Тасы бар ма Алтайдың,
Жаудың оғы тимеген.
Ері бар ма Алтайдың,
Кебенегін кимеген.
Алты қанат ақ орда,
Іргесі қайда тимеген.
Қара қосты қара нар
Қара таудан сүйреген.
Қоңыр елін қара шал
Уысында илеген.
Төрт би, төре өтіпті-ау,
Төңірегін билеген.
Төте қарап Бейжіңге,
Басқаны көзге ілмеген.
Қиында қиын, қиын-ау,
Осының бəрін білмеген.
Ай... ай... ай.
Қарқара құстың қайтқаны –
Қарашаның келгені.
Бабалардың айтқаны
Кейінгіге белгі еді.
Ырыс алды-ынтымақ,
Ынтымақты бол деп еді.
Ынтымақпен елімнің
Көсегесі көгерді.
«Өсер елдің баласы
Он бесінде баспын дер.
Өшер елдің баласы
Отызында жаспын дер.».
Аруақты бабаның
Айтқандары келді енді.
Ұрпағымыз ақ ішпей,
Арақ ішіп сенделді.
Орда бұзар шағында
Шулатып елді «ерленді».
Талай ата-аналар
Ішқұса боп жерленді.
Қазақта жоқ зұлматтың
Барлығын да көз көрді.
Арақ деген топан су,
Өр Алтайды өрледі.
Жоңғар жеңе алмаған
Қазекеңді жеңді енді.
Пəледен осы құтқарар
Сағынамыз ерлерді.
Ай... ай... ай.
Қырмызыдай қызымыз
Бұрынғыдан өзгерді.
Соғып өте шығады,
Ашып тастап кеудені.
Кесте тігу қиын-ақ,
Түйе алмайды жөргемді.
«Сіз» дегенді үйренсе,
Болар еді ең кемі.
Сəлем етер келінді,
Таба алмайсың емге енді.
Бұрынғының келіні-ай,
Қос бұрымы теңгелі.
Аты шыққан ибамен,
Солар кімнен кем еді?!
Кейбіреуі рудың
Аты болып келеді.
Жан дүниеңді тербетер,
Аңызы қандай əдемі.
Қазақ дейтін таза ұлтпыз,
Ақ жалын оның өзегі.
Мөлдіреген ауасы,
Мөлдіреген өзені.
Жұлдыздардың көршісі,
Арғы тегі тау елі.
Қазақ өлсе, тек қана
Намыстанып өледі.
Жыр желкені
«Өлімнен ұят күштірек»,
Есте шығар дегені.
Дос айтады жылатып,
Жамандықтан без енді.
Жамандықты жақсылық
Түбінде бір жеңеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу