03.06.2022
  141


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ТҰЛПАРДЫҢ БАСЫ

1
Əлі есімде,
Бала кез, ертерек күн,
Ауылдағы көп бала тентек ек тым.
Нысана ғып қу басты атқыладық,
Бұтағына ілінген Байтеректің.
Бір қария келді де мұны көрген,
Бізге қарап қомданып мұңлы көзбен.
Кетті ақырып: тоқтаңдар қазанбұзар,
Белі шықпай бесіктен сұмдық өрген.
Ашуланды қарт неге кім біледі?
«Кенжесі» де бізбенен бір жүр еді.
– Білмейсіңдер, балалар, биіктерге
Басы ғана тұлпардың ілінеді.
Деді де қарт ашуын тия қалып,
Зейін бар ма сендерде ұға аларлық.
Партизанның аты бұл – шаһит болған,
Мынау орман, мынау тау, куə халық.
Полк оны атаған «Керқұлан» деп,
Жүйріктігі тараған елге ұран боп.
Жеменейден күнбе-күн Сарсүмбеге
Хат жеткізген,
тұрса да жол бұраң боп.
Оған мінген партизан қол бастаған,
Жігіті еді Жайырдың, жолдас маған.
Партизанның атының басына ұру,
Мені ұрғанмен пара-пар, болмас балам.
Дүлдүл еді жануар дүлдүл десе,
Кісінейтін жер тарпып дүбір көрсе.
Пайғамбардың мінетін пырағындай,
Еді шіркін, жаратқан ғұмыр берсе.
Бəйге алған ол, соғыстан, жортуылдан,
Жабы емес, қулықтан қор туылған.
Еті қызып керқұлан жүгіргенде,
Қос қанаты шығатын қолтығынан.
Сірдесте еді адаммен тіл білетін,
Тістеп бізді ойнайтын, күлдіретін.
Ат ойнында алдына жан салмайтын,
Бізбен бірге өтейтін түн күзетін.
Күндер еді атысқан оқ бораған,
Жəнкешті боп үйренген аттар оған.
Гоминдаңды1 жеңген шақ ойсырата,
Бүкіл майдан қапырық отқа оранған.
Осындай бір соғыстың қызған шағы,
Біздің полк тағы бір құрбан шалды.
Керқұландай арысқа аза тұтып,
Тал-терегі сыңсыған тұрды аршасы.
Оққа ұшқанда жануар кісінеді,
Хал-жайымды бəлкім ол, білсін деді.
Басын сүйеп Жайырдың азаматы,
Жасқа толып жанары күрсінеді.
Соғыста да керқұлан бір болғасын,
Күй болмасын, қалайша жыр болмасын.
Батыр отыр қия алмай жоқтау айтып,
Мініп келген Жайырдан үй жолдасын.
Осы кезде штабтың бастығы кеп,
Тоқтау айтты бұл сенің жастығың – деп.
Көтер деді – басыңды азаматым,
Өлмейтұғын жалғанда тас ғұмыр жоқ.
Топырағы бұйырып мына жерден,
Тұлпар ғой бұл биіктен құлап өлген.
Ақан серіге алты арыс көңіл айтқан,
Айырылғанда осындай Құлагерден.
Міндетің не?
Сен кімсің?
Есіңді жи,
Жеңістерге бастай бер көшіңді ылғи!
Бір тай өлсе туады тағы құлын,
Елің үшін бір жолғы еншіңді қи.
Міндетің не?
Сен кімсің?
Жауынгерсің.
Түзетем – деп ту алған дəуір көшін.
Ақтық демін шығарған көмбеге кеп,
Бəрімізге атыңның жолын берсін!..
2
Емес балам, бұл бастың тұруы жай,
Білгендерге асылдың сынығындай.
Өлгендерді ұмытпау өзі де ерлік,
Дұрыс болмас жүрсеңдер бұны ұғынбай.
Боздақтардың қанымен жасылданған,
Бұл өңірдің бар ма екен тасында арман.
Даласы да қазақтың мұражай,
Батыры мен атының басы қалған.
Керқұланның шабысы бізге мирас,
Басы Алтайда,
Жайырда жүрегі рас.
Құламасын ұялы бəйтерегім!
Құламасын ілінген киелі бас!
Полкіміздің сондағы жұрты былай...
Нұсқап бізге,
қайырып мұртын ұдай.
Қарт партизан бітірді əңгімесін,
Айбаты əлі оқтаулы мылтығындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу