Өлеңдер ✍️
АНА ЗИРАТЫ АЛДЫНДА
Жан ана, жабырқадым, кешір мені,
Еске алып өткен күнгі кешірмемді.
Сиынып аруағыңа ұрпақтарың,
Келіп тұр сүйегіңді көшіргелі.
Бұл күнде марапат көп, мархамат көп,
Ұлыңның шыққан шағы қайта көктеп.
Басыма іс түскенде осы араға,
Жерлеп ем мəйітіңді арқалап кеп.
Арулап оқылмады жаназа да,
Тұтпады бірде-бір жан саған аза.
Гұңчандұй 1 мал ғұрлы да елемеді,
Оң жақта өліп жатса ғазиз ана.
Қаралы үй күңіренді панасы жоқ,
Өмір мен тұрды өлімнің арасы боп.
«Тап жауы жоғалсын» деп ұран салды,
Бірнеше зауфанпайлар таласа кеп.
Осы ма қайран ана құны деген,
Қан жұтып күңірендік түніменен.
Сол күні бəрі бізден табылар ед,
Болса егер əлем кезіп мұң іздеген.
Бір мезет үміт оты сөнген кезде,
Қойып ем өзің өсіп-өнген жерге.
Қоршапты үңги-үңги бұл төбені,
Тірілер көпсінгендей өлгендерге.
Дəл қазір басқалардан зарым бөтен,
Анажан, тағдырыңды жазып өтем.
Бір торғай шырылдайды зиратыңда,
Бейіштен ұшып келген жаның ба екен.
Бір үйдің ай-жұлдызы, аспаны едің,
Мейіріңді ұрпағыңа шашқан едің.
Жас кеттің мерез жылдар кеселінен,
Немене елу тоғыз жас дегенің.
Дейтіндей кез емес ед «қай кінəм бұл?»
Кеп қалған селебе еді халқыма бір.
Айырылып алдыменен қосағыңнан,
Жан ана, сейілмедің қайғыдан бір.
Білемін жанарыңнан жас тамғанын,
Мезгілсіз самайыңды ақ шалғанын.
Арман-ау, көре алмадың тым болмаса,
Əкемнің заң алдында ақталғанын.
Сол кезде жағаңды ұстап тəубə қылған,
Əкемнің делосы аударылған.
Америкамен жоқ депті байланысы,
Тіл алмаған отанның Тайуанынан.
Ат жаратқаны өтірік тілін байлап,
Тыныштықты тілепті ұл-қызын ойлап.
Коллективке қарсы емес, белсенді боп,
Фермаға əкеп қосыпты мыңын айдап.
Жала екен əкеден дəмді айырған,
Аулақ болсын аруағың қам-қайғыдан.
Əкем марқұм көзіме елестейді:
«Ақбоз атпен ақ құмда мал қайырған».
Айтарым бар толғансам тағдырға əлі,
Қайыстырды жасымнан қабырғамды.
Əкемді əкеп жаныңа жатқызбадым,
Кешір ана, сүйегі табылмады.
Жадыраған жан едің қолың ашық,
Ұлы ананың отырған орнын басып.
Бір ауылдың қорғаны, қормалы едің,
Тарыққанның беретін жолына азық.
Парасаттың, пəктіктің мұрасы едің,
Жырдай қылып айтады сұраса елің.
Асықша атқан алтынды, қайран ана,
Бойыңдағы бар мінің – жуас едің.
Онда бізді етпейтін жұрт келеке,
Келетұғын домалап құт-береке.
Қылаяғы итің де қасқыр алып,
Қыраның да түлкіге түскен ерте.
Келер күннің арманың ақ таңы еді,
Қойныңда ұйықтап немерең жатқан еді.
Дедектетіп бір боран алып кетті,
Қылмысың – төрт түлігің төрт қора еді.
Ол кезгі солшылдықтың қарны тоймай,
Түсіктей түсіп қалды айы толмай.
Біз қазір адамдарға мал, жер беріп,
Дəл сіздей жүрміз əлі байыта алмай.
Əз ана тұр, əлі үйде орның бөлек,
Қызғыштай ұрпақтарың қорып əлек.
Түсімде аппақ құрттан шашу шашып,
Жүресің немереңнің тойына кеп.
Жасайды ана атың мəңгі əлемде,
Ұқсайсың көп бұтақты кəрі еменге.
Басыңа ай, жұлдызды орнатам деп,
Келіп тұр бізбен бірге шөберең де.
Ойласам соңғы өмірің өткен нала,
Алайын көз жасымды төкпей ғана.
Дүниені үш айналып көтерсем де,
Бір түнгі ұйқыңа да жетпейді ана.
Атыңды туғып ұстап сара белге,
Шығам бүгін, арман жоқ балаңда өзге.
Кешіре гөр,
Қозғадым аруағыңды,
Жайнамаздай қоймақ боп таза жерге.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter