Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  120


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

АЯУЛЫ БАЛАМ ЕҢ

Аяулы балам ең,
Өзіңмен орда екем.
Қайғысын қаламмен
Шығарар, сорлы əкең.
Болғанда бұлты қыс,
Тартқанда жан нала.
Əкеңе ұсыныс
Айтатын аз бала.
Қарымды ед қанатың,
Құлазып жатыр шың.
Қажысам қайратым,
Тарықсам ақылшым.
Ажалды ізге сап,
Тым ерте алғаны-ай.
Жүретін күнде аңсап,
Ақ еділ қарғам-ай.
Жас ғұмыр соқпағы,
Тоқтады дегенмен;
Ел-жұртың жоқтады,
Қадірлі ең не деген.
Үңіліп əр тұсқа,
Жүруші ең елді аяп.
Қарадан хан шықса,
Қара үзер сендей-ақ.
Садағаң мен едім,
Оқ тиер шадыр аң.
Ендігі медеуім,
Зерде мен Жадыраң.
«Барым екеуің» 
Деп əнге қосатын.
Сол екі сетерің,
Тосар күн,
тосар түн...
Қазаңа қас қағым,
Жүрегі дір етіп.
Отырар жас жарың,
Орныңды күзетіп.
«Өр Алтай жасымыз,
Көк жаңқа тасымыз.
Мұхитқа құятын,
Ертістің басымыз».
Деп жазған өлеңің,
Өлтірмес марышың.
Қарсы алар келер күн,
Көк өзен, қарлы шың.
Байлығың, жиғаның,
Кітаптар, ат көпір.
Шаханов3 жырларын
Енді кім жатқа оқыр?!
Өлеңім қолыңда,
Бір шолып ел ішін.
Əуезов тойында
Оқып ең мен үшін.
Алматы мінбесін,
Көріп ең тұғырдай.
Іркілді жыр-көшім,
Жығылдың туымдай.
Аяулы балам ең,
Өзіңмен орда екем.
Қайғысын қаламмен
Шығарар, сорлы əкең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу