Өлеңдер ✍️
ҚЫРҒА БАРСАҢ
Қарағым, қырға барсаң, бертаман кел,
Жеткізер ел шетіне жел табан кер.
Дəм тартып баралмадым ауыл жаққа,
Мен үшін үлкендерге сен сəлем бер.
Болса да кешірімді үндемейтін,
Болатын кездері де бір бөгейтін.
Əкең бізді ұмытты дегендерге,
Сендерді əкем сағынып жүр дегейсің.
Боламыз, – деп – шешеңе біз нағашы,
Боламыз, – деп – əкеңнің біз ағасы.
Сен барған соң қуанар ауылдастар,
Үлкен үйдің келді, – деп – бір баласы.
Тартыпты, – деп – көздері ұлы атаға,
(Бірін-бірі кім білсін жұбата ма).
Жеті атаңды, тегіңді ақтара біл,
Сені сынап ақ шашты сұраса ана.
Əкетеді жол сені қиырға алып,
Алдың соны, артыңда шиыр қалып.
Аруақ бізден демесін аттап кетті,
Зиратына бабаңның сыйын барып.
Сендей кезде атанып «бала мерген»,
Солар бізге тау берген, дала берген.
Қарауылдық міндеті өтелген соң,
Жұртында ұйықтап, оянбай қала берген.
Далада емес, қарағым, қалада өстің,
Дала жайлы сурет бар санаңда өшкін.
Өз ұлтыңның тұрмысын, салт-санасын,
Сатпайтынын білерсің базарға ешкім.
Балам, балам, ел таны тауға барып,
Ықыласыңның ол жаққа ауғаны анық.
Қайтарыңда қалжыңбас қарт жеңгемнен,
Əкелерсің бір торсық саумал алып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter