Өлеңдер ✍️
КҮЙ ƏСЕРІ
Күй десе оты ұшқындап жанарымның,
Тыңдағандай боламын заман үнін.
Күй шежіре жазылып ыстық қанмен,
Қасиетін сақтаған қазағымның.
Күй пері емес, тек білер құбылуды,
Бабалар парасаты, ұлылығы.
Халықпенен келеді бірге жасап,
Артында қап «Ақтабан шұбырынды».
Мирас болған əкеден күй өнері,
Домбырасын қаққанда иелері.
Тұғырында сілкініп тау қыраны,
Тал бесікте сəбиі шіренеді.
Айналардай дүние зіл-залаға,
Жанар тау ма, дауыл ма, сел бола ма.
Күңіренген «Қорқыттың» дауысы ма,
«Асан-қайғы» немесе «Желмая» ма.
Қамығасың тыңдасаң мұңы барын,
Қайтып ғана сыйғызған мұның бəрін.
«Марғабылдың қасқасы» жүгіргенде,
Не болса да келеді мініп алғың.
Сол бір шақта шалқисың, көсілесің,
Бірақ та оймен тағы да тесілесің...
«Ақсақ құлан» жаутаңдап қашады алдан,
Неге атты деп аңшыға өшігесің.
Кейде əлсіреп, ғашықтың үні шығып,
(О, дариға-ай, аламыз бір күрсініп).
Домбыраға еліктеп уілдейді,
Нəрестенің кетердей тілі шығып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter