Өлеңдер ✍️
ЖЕКЕ ШУМАҚТАР
***
Қанша адамды біз сырттай бақыладық,
Былай қалып тазалық, тақуалық,
Пенделердің көбісі рөлдерін
Ойнап жүрген секілді сахналық...
***
Талабы мұқалмаса тасқа тиіп,
Таланты зая кетпей, босқа күйіп,
Тұғырда азаматтық тұрған болса,
Тұлғаға керек емес басқа биік.
***
Көп адам өткен іске өкіне ме
Білмеймін, кетіле ме, жетіле ме?!
Уайым – түпсіз теңіз, қайық салып,
Қанша ессең, шыға алмайсың шетіне де.
***
Құр айқай жан жылытпас əн дегенмен,
Көріксіз сұлу болмас əрлегенмен.
Топ жарып, оза шаппас көп алдында,
Жабыға жабу жауып, сəндегенмен.
***
Көп пе өзі жүйрік жылқы атырапта?
Шықпайды шөп те сусыз топыраққа.
Тұқымы азбай қоймас Тайбурылдың,
Соқыр ат үйір болса қотыр атқа...
***
Леп белгі тұратын тікірейіп,
Көзге ілмес үтір жатса бүкірейіп.
Кісіні əкелгенше қабірге жол,
Жазылар талай сөйлем фəниде бұл...
Шүкір дейік!
***
Малға мүйіз, жылқыға тұяқ қымбат,
Итке азуы, қоянға құлақ қымбат.
Қандай жағдай басында болса-дағы,
Бəрінен де адамға ұят қымбат.
***
Ағашта бола қалса сынық бұтақ,
Отынға тастайды оны қырқып, бұтап.
Жорғалап улы жылан енері айқын,
Іргеңді отырмасаң күнде қымтап.
***
Іштің мұзы ери ме көз жасымен,
Жабыла ма қасірет сөз нəшімен.
Өзге жұрттың санайды бəрін надан
Ойламайтын кісілер өз басымен...
***
Сəукеле қыздың бойын биік қылар,
Еңкейер күйеуіне сүйікті жар.
Хан тəжін басқа кимей, қолына алса,
Төбесі сонда көкке тиіп тұрар.
***
Алдында отырса да жүрелеп кім,
Дейтұғын: «ерекшемін, кереметпін»
Жалатқан алтын, күміс патша тағын
Теңер ем арбасына мүгедектің.
***
Топты соқыр бастаса жарға қарай,
Ерткен қандай, соңынан ерген қалай?
Көшелі ме көсемің алда жүрген,
Кім кінəлі, ақылмен білген оңай.
***
Адам көп пе халықтың қамын жеген,
Елге қызмет етем деп мəлімдеген.
Аш қасқырдай анталап ант атқандар,
Арық аттың көзінің майын жеген.
***
Күндерім салған болса бар ынтасын,
Көңілді қалай ғана тарылтасың?
Ескі жыл үмітімен есіркесе,
Жаңа жыл сенімімен жарылқасын.
***
Тіршілікте жатқан соң ісім бітпей,
Қиналамын кей кезде күшім жетпей.
Қысылғанда қалса егер сөзім өтпей,
Жаншыламын табанда қалған шөптей.
***
Көп біздің елге келіп шен алғандар,
Содан соң ізім-қайым жоғалғандар.
Солдаттар қанша қызмет қылса-дағы,
Елемес қол қусырған генералдар.
***
Биліктің қолын сүйіп, артын жалап,
Сыйлықтың қызығы не алған қалап?
Біреудің сатып берген зəмзəмынан
Мың артық үйде отырып ішкен шалап.
***
Көбейіп «жоқ» деген сөз қолданыста,
Көп адам түсіп кетті жанбағысқа.
Аңқаулар алаңғасар азып-тозып,
Обырлар пайда тапты дағдарыста.
***
Абыржытар ой да бар миымда көп,
Ар жоқ болса ешкімге сыйың да жоқ.
Киімдер көп – ішінде кісісі жоқ,
Кісілер көп – үстінде киім де жоқ.
***
Өмірдің барады өтіп алтын күзі,
Жарымның жабырқаулы жарқын жүзі.
Тілегім: дүния қалай құбылса да,
Фəнидің өзгертпесін қалпы бізді.
***
Боямасыз бола ма жалған өмір,
Сырты күміс самауырын, іші көмір.
Базарда да бағалы болар кейде
Мыс жалатқан сыртына шойын темір.
***
Жалғанда жеңген менен жеңілгеннің
Санасын талай рет кемірген мұң.
Арманың жетелейді алға қарай,
Кетпесең жетегінде көрінгеннің.
***
Қарашы көкжиекке үңіліп бір,
Күн көзі жерге нұрын сіңіріп тұр.
Кішкентай жердің шары алтын күннің
Шұғыла-кірпігіне ілініп тұр.
***
Сергитін саясында жан еркелеп,
Алып боп көрінеді маған терек.
Көкті де қолмен ұстап тұрған сынды,
Тұрған соң туған жерге табан тіреп.
***
Ине қайда бастаса, жіп кіреді,
Қандай ой бар инеде? Жіп біледі.
Жібі қайда қалды екен шырматылып,
Өсек-ине бүйірімді түрткіледі.
***
Көш келеді шұбалып... Жолға қара.
Шөл даладай қатігез бар ма дала?!
Əлем-жəлем киім жоқ, əшекей жоқ,
Алыпты əркім керегін жолға ғана.
***
Жол бойы қатып қалған сірескен мұз,
Көктеммен келе жатқан тірескен қыс.
Күн шығып елжіретпей шуағымен,
Ерімес оңайлықпен сепсең де мұз.
***
Кім көрген жақын барып алтын Айды,
Қайрақ тас су түбінде жалтырайды.
Бақыр да жылтыр болып көрінеді,
Лай да күн түскенде жарқырайды.
***
Бұл өмір асау өзен ағысындай,
Мойынға салған жүкті ауырсынбай,
Тұңғиық су түбіне батып кетпей,
Өткелден өтсең болды сағың сынбай.
***
Ауыр тəждің көтере алмай салмағын,
Тақтан тайып, қыршыған бар бармағын.
Тақ пен тəжге ие болсаң, мықты бол,
Айтпай-ақ та қояйыншы ар жағын.
***
Жақсы адамның айтқан сөзі сый бізге,
Соған, бірақ, құлақ қойып жүрміз бе?
Тыңдау қиын, айту оңай кей кезде,
Айту қиын, тыңдау оңай кей кезде...
***
Жетегінде жүрген шақта арманның,
Көрдің бе сен патшалығын Жалғанның.
«Арзан» деген дүкен де бар. Арзан деп,
Барған едім. Қымбат екен. Алдандым.
***
Жалғыз емес екеніңді ұмытпа,
Алланы еске ал отырып та, тұрып та.
Ашылмайтын есік, қақпа болмайды,
Ашатын кілт сəйкес келсе құлыпқа.
***
Отан үшін жатса бір жан жан қиып,
Сырқат жанға жатыр бір жан қан құйып.
Ел еңсесін тік ұстайды, ерлерін
Қашан көрсең, тұрған болса ар биік.
***
Қызыққан жан сырт көркіне тысының,
Білмейді екен көп жұмбағын ішінің.
Қызыққан жан келбетіне кісінің,
Білмейді екен құпиясын ісінің.
***
Алға жүрсең, неге артқа қарамайсың,
Жолдан шығып кетуді қаламайсың.
Білмей тұрсаң өткенді, келешекті
Қалай ғана бағамдап, бағалайсың?!
***
Айтқан екен Бауыржандай бір мықтың,
Өмір сырын терең зерттеп, білген дөп:
«Өлмеймін деп уын ішпей шындықтың,
Өтіріктің балын жалап жүрген көп...»
***
От жанғанда жаратпайды түтінді ел,
Жартыларды ұнатпайды бүтіндер.
Сөйлемдерге нүкте қоя алмайды
Қанша жерден тырысса да үтірлер.
***
Бастапқыда жүрсе де бөтенсініп,
Жақсылардың ішіне кетем сіңіп.
Жалған айтып, артық сөз сөйлемесең,
Тіл таппадым дегенің – бекершілік.
***
Əйелді алған еркек толып жатыр,
Адал болып жүргені бірен-саран.
Еркекке тиген əйел толып жатыр,
Жан-тəнімен сүйгені бірен-саран.
***
Жиында қара сөзге мүдірмедім,
Ішімнен сыртым көріп түңілмегін.
Кей кезде емеурінмен ой тастайды
Шындықты бетке айтатын жырым менің.
***
Шеріңді өткен күндер қозғайды екен,
Жақсының аты дəйім озбайды екен.
Жатқанда заман азып, халық қажып,
Зұлымдық, жүз жыл өтсін, тозбайды екен.
***
Əйелі күнде кисе жаңа көйлек,
Күйеуі пұлын берсе: «ала қой!» – деп.
Тоғышар, көрсеқызар пендешілік
Алады қамырдай қып сананы илеп.
***
Көп өмірдің қызығы, қуанышы,
Қайғысы бар, бар тағы жұбанышы.
Қанша бейнет көрсе де ұмытады,
Тіршілікке тоймайды, сірə, кісі.
***
Дəм бітсе, бұд фəниден бəрі де өтер,
Сонда да күпінеміз əлі бекер.
Бір көзің бір көзіңді көре алмаса,
Аяғын алға басқан кері кетер.
***
Болмасын жасыл желек, балғын құрақ,
Əркімге туған жері – нағыз жұмақ.
Бір шыбық сол өңірге шаншымаса,
Ол адам, орысша айтсам: «полный дорақ».
***
Қаншама озып кетсең де достан алға,
Тұрғанда қолың жетіп аспанға да,
Білесің жерге қайтып түсеріңді,
Мақтанба, масайрама, аспандама.
***
Не жасап, не қойғанын əйгілемей,
Жүрген бар қартайса да қайғы жемей.
Бақташы үйде жатса сайран салып,
Қайтеді жыртқыш қасқыр қойды жемей?!
***
Басыңды тауға да соқ, тасқа да соқ,
Қалады өлгеннен соң дүние-боқ.
Бұл жаққа қарайламай кеткендер көп,
Ол жақтан қайтып келген біреуі жоқ.
***
Табаным жүргенде де шалыс кетіп,
Шындықтан көрген жоқпын алыс кетіп.
Қайраттан тау қопарар пайда бар ма,
Адамнан қалған болса намыс кетіп.
***
Өзгемен қазақ қашан тең болады,
Тəуелсіз, тиянақты ел болады?!
Еліктеп, солықтаудан аса алмаса,
Білімі кем болған соң жем болады.
***
Қазақтың қойса да аты өрге жүрмей,
«Көресі көрдім, – дейді, – көрге кірмей».
Үйренген жалаңаяқ жерді басып,
Аяққа етік кимес шөңге кірмей.
***
Жас өсіп, жарлы байып, дəулет тасып,
Жетіппіз осы күнге шалқып басып.
Кеш батса тар төсекте тізерлесіп,
Таң атса жүрсек болды қолтықтасып.
***
Байларды мырза деуші ек баяғыда,
Ұлттық банк қазағымды аяды ма?
Теңгені үнсіз ғана құнсыз қылып,
Ұлтымды шұлғау қылды аяғына.
***
Біздің халық секілді тілсіз балық,
Құтылмақшы пəледен үнсіз қалып.
Бетке айтатын шындықты дəрмені жоқ,
Жатқан кезде бар бұйым құнсызданып.
***
Ақындар көп айтса да мəңгілікті,
Қумады көңілімнен сан күдікті,
Бар ма екен мəңгі нəрсе Хақтан басқа,
Кім атын мəңгі-бақи қалдырыпты?!
***
Қателіктер секілді тыныс белгі,
Сауаты бар түзеуді дұрыс көрді.
Қателіктің салдарын білсең болды,
Сонда ғана таусылмас ырыс келді.
***
Мінезі ерек қазақтың өзге жұрттан,
Айналасың бəріне төзген ұлттан.
Өзінікін өзекке теуіп, бірақ,
Жақсылықты күтеді езбе, қырттан.
***
Адамды таспен атқан аспен атқан,
Жылуы жүрегінің тасты уатқан,
Бықсыған өсек сөзді от қып жаққан,
Қазағым пайда тапқан ынтымақтан.
***
Жұрты азғын, басшылары құзғын болса,
Жөн сілтер қариясы мылжың болса,
Жасаған іс, айтқан сөз құнжың болса,
Жарата қоймас ешкім бұл күнді онша.
***
Қызметін өзгенің пайдаланып,
Ер жігіттер кетіпті майдаланып.
Сөздері де кетіпті ұсақталып,
Тоқтар екен бұл дағды қайда барып?!
***
Қанағат қып жүргендер бірлі-жарым,
Көктемнен соң көрсетер жаз ниетін.
Жалғыз көзбен Құнанбай көрсе бəрін,
Кейбіреу жүр екі көз аздық етіп.
***
Бұйырғаны күміс пе, қола ма екен?!
Артта қалған жүлде де алады екен.
Арды ойламай, тек қана қамды ойласа,
Ұялмаған өлеңші болады екен.
***
Кең далаға симайды жерлестерім,
Айтпай-ақ та қояйын өзге істерін.
Қарап тұрсам, азайып кетіпті ғой
Елдің қамын ойлайтын елдестерім.
***
Төңірегін назар сап бақыламай,
Жершілдікті жақтайды ақын қалай?!
Керетұғын кеудесін жөні жоқ қой,
Елшілдікке бір табан жақындамай.
***
Сахнада əн салса бала-шаға,
Қолды соқ, жер тепкіле, тамашала!
Қызықпай-ақ, алайда, сол дырдуға,
Отырғаным артық қой оңашада.
***
Қартаяды жапырақ жаурағасын,
Сарғаяды дегені болмағасын.
Жаз кеткен соң жайдары күні бітіп,
Жерге түсер шашылып қурағасын.
***
Кей мырза не қылмайды желіккен соң,
Байқайсың жанына оның еріп көрсең.
Той ғой деп тойып ішсе – тойымсыз сол,
Құс атса ермек үшін – еріккен сол.
***
Күндерің атқан оқтай өтер-кетер,
Қайсың бар бұл жалғанда оған жетер?!
Тойла! Бірақ, ұрпақтың қамын ойла,
Мағынасыз жүрістің бəрі бекер.
***
Қара сия қағазға сорғалаған,
Қарғадай қар үстінде жорғалаған.
Қарлы жазық қағазым жатқан жазып,
Қансонарда аң қудым сол даладан.
***
Елден ерек емессің, елмен ерсің,
Ел ішінде құрбыңмен теңелерсің.
Ел көтерсе еркелеп, желігерсің,
Елмен ғана көктерсің, көгерерсің.
***
Тіршіліктің жүргенде жетегінде,
Аңғармайсың өмірдің өтерін де.
Тау басына шыққан да, шықпаған да
Алатаудың қалады етегінде.
***
Міңсем – ат, ұшсам – қанат,ішсем – тамақ.
Өлеңім, күнелтуге жүрсің жарап.
Өнерлі жолдан қалмас, жағы талмас,
Бойыңда мұқалмайтын болса талап.
***
Жаста жанған қартайса күлге айналып
Қалатынын сау кезде білмейді анық.
Тамақ тоқ, уайым жоқ, ден сау болса,
Қараңғы да болады күндей жарық.
***
Болса да көрші тұрған ауылдасың,
Болса да бірге туған бауырласың,
Елім деп тебіреніп, толқымаса,
Ол үшін ет-жүрегің ауырмасын.
***
Бірдей емес өмірдің күз бен қысы,
Бірдей емес жолдың да бас пен ұшы,
Бірдей емес ішіктің тыс пен іші,
Бірдей емес адамның сөз бен ісі.
***
Доңыз тоқта арыстан аш болады,
Жастар жоқта жасамыс жас болады,
Балапанға қатпаған қауырсыны
Түлкі жоқта қарсақ та қас болады.
***
Бағаңды түсінбейтін кейбір надан
Доңыздай айтқан сөзді ұқпай қойған.
Жинаған дүние-боқты кейбір надан
Қоңыздай қи астынан шықпай қойған.
***
Жаны аяулы жақсыны өсек қылса,
Ұлық келсе, жайылып төсек болса,
Жағымпаз да ұқсайды жəдігөйге,
Ар жағында бықсыған есеп тұрса.
***
Жетем дейсің қалаған аңсарыңа,
Жыр жолында болмайды шаршауыңа.
Сабақтаулы ине ғой сөз дегенің,
Олақ болсаң, кіреді саусағыңа.
***
Қарап тұрсаң, көп емес адал адам,
Арамдар көп жүректі жаралаған.
Қорқамын тек сүлесоқ жүргендерден.
Келер-кетер не бар деп маған одан.
***
Жаспен де, құрдаспен де, кəрімен де,
Келеміз бəсекелес əлі күнге.
Баршаға орын сайлар бірдей қылып,
Қара жер əділетті бəрінен де.
***
Раушан гүлдің тікенек сабағындай,
Жауынгердің мұқалған жарағындай,
Алай-түлей болады ішім кейде,
Орыстардың ашытқан арағындай.
***
Басшыларды мақтаған ақындарым
Біліп алған билікке жақындарын.
Халық үшін бірегей іс қылмаса,
Неге айтпайды əкімде хақым барын.
***
Əркім іздеп өзінің бабаларын,
Алжып кетті қадірлі ағаларым.
Тау деп айтып өзінің төбешігін,
Білмейді ме өзгені жараларын?!
***
Баласы өзге тілде шүлдірлесе,
Анасы соны көрген үндемесе,
Болғанмен түрі қазақ, өзі мазақ,
Бұдан да артық екен дым білмесе.
***
Парламент шығарғанша жаңа заңды,
Таң атпай əнмен ашам оразамды.
Қазақтар түні бойы өлең айтып,
Ал күндіз ауыз ашпай мазаны алды.
***
Өтірікке үйреткен қауым жұртты,
Көкбет қылған ұялшақ қалыңдықты,
Теперішін өмірдің тоқтатам деп
Жүргендердің көбінің əлі бітті.
***
Алатұғың болса да сыйақың көп,
Сен өмірді ойлама театр деп.
Талантсыз да кез келген рөліңді
Ойнайсың ғой болса егер ұятың жоқ.
***
Өзін жақтап жүргенді көзге мақтап,
Былай шыға кетеді сыбап, боқтап.
Күні түссе көлгірсіп, жақсы атанып,
Арамды да ант атқан алады ақтап.
***
Жүген-құрық тимеген асау аттай,
Қиынға өмір қоймайды ұшыратпай.
Мықтылардың ажалы ойда жоқта,
Шығып қалған жағаға кашалоттай.
***
Туған жердің жауынын, ескен желін,
Сағымы мен дауылын, көшкен селін,
Аязын да, ұйтқыған боранын да
Қалғанынша сүйемін ақтық демім.
***
Алма көп піспей жатып түсіп қалған,
Немесе суық ұрып, үсік шалған.
Ішінде құрт жоқ па екен деп ойлайсың,
Қып-қызыл алма көрсең пысықтардан.
***
Бұл өмір болар дейсің кімге жайлы,
Адамға жоламаса мүлде қайғы.
Құсадан, бірақ, қашып құтылмайсың,
Сəби де туа сала «іңгəлайды».
***
Бір үйде жиюлы екен қанша кітап,
Болса да бір бəйтерек, сонша бұтақ.
Жайқалған жапырағы жоқ үйлер бар,
Таң қалма, түбінде олар қалса жұтап.
***
Ізімен жүрдік талай ірілердің,
Абайлап жүрген болса, сүрінер кім?!
Тірілер көзін жапса өлілердің,
Өлілер көзін ашқан тірілердің.
***
Ақ қағаздың бетінде шимай тағы...
Ойымды күнде айтпайтын түнде айтамын.
Құлақтар сөз тыңдайтын азайғанда,
Мұңымды саған айтпай, кімге айтамын?
***
Болмаса ханнан қазық, биден тоқпақ,
Жол болып əлдекімге сүрлеу-соқпақ.
Көсемсіп текешіктер басқа шауып,
Көрінер шешен сөздей шимай-шатпақ.
***
Қымызға емес, шалапқа шала мас боп
Жүрген жігіт жұмысқа жарамас көп.
Болса да түзде мырза, үйде сараң,
Қонақ келсе айта алмас: «тамақ ас!» – деп.
***
Қарасаң көңіліне ағайынның,
Алғысын аларын хақ талайының.
Алайда, сол ағайын айырмасын
Білмейді алтын менен қалайының.
***
Жоламай, қолдан келсе, мүлде егеске,
Əр адам өз бетімен күн көрмес пе?!
Амал көп зерделіге, саналыға,
Амал жоқ түсінбеске, дым білмеске.
***
Кейбіреу жүрген жолын тар қылады,
Кейбіреу барған жерін лаң қылады.
Жақсының айтқандары болмай қалса,
Жаманның тура келер саңдырағы.
***
Жүргендер көп өзгеге көңіл бөлмей,
Кіріседі кейбіреу əлін білмей.
Бір қолдағы саусақтың саны бірдей
Болғанымен, болмайды бəрі бірдей.
***
Құранның əрбір бетін парақтасам,
Күн сайын жолығамын ғажапқа сан.
Аяттың астарына үңілемін,
Фəниде аяғымды санап басам.
***
Балтаның басы менен сабы-сынды
Бола алмай талай ердің сағы сынды.
Қасында қатар жүрген серігің де
Кей кезде көре алмайды табысыңды.
***
Қой деген бір-бір тұяқ қойып қойған,
Ешкім жоқ жуастығын айып қылған.
Бастаса құз басына көсем серке,
Соңына ергендерін майып қылған.
***
Соғыстым дейтіндер бар отқа кірмей,
Мал бағып жүргендер бар атқа мінбей.
Ақынмын деп кеудесін соққандар бар,
Абайдың бір өлеңін жатқа білмей.
***
Біреу жатса дертті болып, қан құсып,
Біреу жатыр күліп-ойнап, жар құшып.
Бұл жалғанның ұмытпа деп бал күнін,
Шөп бетінде жалтырайды таңғы шық.
***
Бұл өмірде киіп жүрген бетперде
Кісі жүзін жасырды деп жек көрме.
Қарайтұғын бет жоқ шығар бүгінге,
Көңілі толмай жүргеннен соң өткенге.
***
Көрші екен ғой қайғы менен қуаныш,
Аралары емес жəне тым алыс.
Төрге шығып отырады Қасірет,
Қуанышқа көп болса да сұраныс.
***
Түзде жортқан төрт аяқты қасқырдан
Екі аяқты адам жаман қас қылған.
Елдің ішін жұқпалы дерт жайласа,
Кім айығар аурудан асқынған?!
***
Шалқар көлді батпақ болмас демеңіз,
Ми батпақты қатқақ болмас демеңіз.
Биік тау да аласарып, мүжілер,
Көп нəрсені түсіне алмай келеміз.
***
Киген кісі мойынына қамытты,
Елден бұрын мекен қылар табытты.
Бұлқынбаса шығамын деп құрсаудан,
Көнбістігі өзіне оның қауіпті.
***
Адамдарда болғанымен тіл-көмей,
Дұрыс екен кейде тұру үндемей.
Аузы қисық байдың ұлы сөйлесе,
Сөзін бөлмей тыңдайды екен кіл кедей.
***
Кей кездері қалса көңіл құлазып,
Жаныма онда демеу болар жыр-азық.
Бірақ, жүдеп, уайымға берілсем,
Қысқа күн де кетеді екен ұзарып.
***
Мылжың біреу сөз сөйлесе көпіріп,
Қол соғады оған біреу өтірік.
Содан кейін естіп тағы өтірік,
Отырады қылығына өкініп.
***
Қуса қашып, қашса қуып жетуші ем,
Жастық шақтың қуаты екен бағалы.
Жүрттың көбін басып-озып кетуші ем,
Енді менен жастар озып барады.
***
Əумесерлер тек жүргенге соқтығып,
Бұл заманға сай болып тұр көп қылық.
Адалдықты жеңіп шығып арамдық,
Тектіліктен озып кетті ептілік.
***
Адамдар көп ұйқылы-ояу қалғыған,
Кім болса да, жарылқасын алдынан.
Жастар да бар тым ертерек қартайған,
Шалдар да бар жасы жетпей алжыған.
***
Туған елге болған нағыз жанашыр,
Өтті ағалар көңілі көлдей, жаны асыл.
Солардан да мін іздейді кейбіреу,
Бұл қазаққа қайтіп қана жағасың?!
***
Кім қайраткер, кім жазушы, кім ғалым,
Өлгеннен соң тірілмей ме шын дарын?!
Жыл өтті ме, өтті, бəлкім жыл жарым,
Ұмытты елі ондай «талант» болғанын.
***
Сөз таппасаң көрсетесің кімге доқ,
Ой маржаны бірде бар де, бірде жоқ.
Сыйғызған аз көп мағына аз сөзге,
Көп сөзбен де ой айтпаған мүлде көп.
***
Археолог күрегімен қазады,
Ақын досым қаламымен жазады.
Бірақ, тарих қойнауынан аршылған
Жəдігерлер даламызда аз əлі.
***
Су жұқпайтын, сөзді ұқпайтын антұрған
Төрге шықса, биік емес халқымнан.
Аттан түссе, шаңын қапқан жаяудың,
Өрге шықса, демі бітіп, алқынған.
***
Түшкірмесең – айықпайсың тұмаудан,
Бұлқынбасаң – құтылмайсың бұғаудан.
Жас ұрпаққа білгеңіңді үйреткін,
Ұялма тек білмегенді сұраудан.
***
Жиғаныңды еліңе бер, бал жи да,
Бұл фəниге қонақпын деп шалжима.
Сап-сау болып кірген кісі есіктен
Үйге кері қайтар кезде алжи ма?!
***
Тіршілікті айтқандар аз қамыт деп,
Күнде жетіп жүрсе-дағы көзіміз.
«Топырақ торқа, жатқан жері мамық» - деп,
Жиі алдаймыз өлілерді өзіміз.
***
Есекке үкі, сиырға тұмар тақпайды,
Қойға терлік, итке жабу жаппайды.
Ысқырғанмен жылан сені шақпайды,
Көп үрген ит кісілерді қаппайды.
***
Мен Жеңістен жеті жастай кішімін,
Жеңіс құнын түсінетін кісімін.
«Уақыт – емші» – дейді халық, сол уақыт
Жаза алды ма, бірақ, соғыс ісігін.
***
Тайсалмастан өттім өмір өткелін,
Оған деген өкпе-назым жоқ менің.
Шіркін, өмір, қасиетің көп, тегі,
Көргенімнен көрмегенім көп менің.
***
Қонақ келсе, көрсетесің үйіңді,
Ол байқайды шама-шарқың, күйіңді.
Аз отырып, көп сынаған мейманнан
Көп отырып, аз сынаған тиімді.
***
Алдан мені тұрған екен не күтіп,
Алайыншы көңілімді бекітіп.
Өмір деген биік тұғыр секілді,
Орта тұсы жазық жер де, шеті тік.
***
Түсінбеймін, кімге керек артық дау,
Талантсыздар бір-біріне тартыпты-ау!
Дарындының бақыты да молырақ,
Қайғысы да өзгелерден артықтау.
***
Жағаласқан адалдық пен арамдық,
Өмір осы қар мен мұзы аралас.
Бұл жалғанға келген кісі жалаңбұт,
Дəм таусылса, кетеді екен жалаңаш.
***
Көкейінде көптен жүрген күмəнді
Көпке жайып айта бермес шыдамды.
Көзі жетіп айта алады шындықты
Көңілі бекіп оқығандар Құранды.
***
Жергілікті халық болса көңілшек,
«Жер иесі бізбіз!» – деп құр керілсек,
Сауда жасап, əбден байып алған соң,
Ертең сені құл қылады келімсек.
***
Көшелерге кісі есімін бергенде,
Аласарар адамдар да өр-кеуде.
Тірісінде көрсетпеген құрметті
Қияды олар, кім болса да, өлгенге.
***
Əке тілін жүрген болса ұл алмай,
Шеше тілін жүрген болса қыз алмай,
«Ұл мен қызды өсірдім» – деп ата-ана
Қалай ғана айтады екен ұялмай?!
***
Қыста шөпті, жазда қарды сағынып,
Күн кешесің мезгілдерге бағынып.
Бір күн шексіз қуанышқа кенелсең,
Келесі күн отырасың қамығып.
***
Ыстыққа да, суыққа да шыдамай,
Өтті күндер алағай да бұлағай.
Қайтпас, қайсар қарағайға таң қалам,
Аман қалған дауылдарда құламай.
***
Алушыдан сатушы көп заманда,
Жұмысшыдан жатушы көп заманда,
Билеуші көп, сөйлеуші көп заманда,
Көсем болу қиын екен қоғамға.
***
Жазды жасыл жапырағы жайқалған,
Мəңгі-бақи тұрады деп айта алман.
Күз суығы жауратқан деп ойлай бер,
Қабағымда кірбің болса байқалған.
***
Жарқын жаздың ми қайнатар ыстығы
Еске түсер қар ұйтқыған қыс күні.
Суықта да, бірақ, бойды жылытар
Жүрегіңде қалған болса ұшқыны.
***
Қар ерісе дейді ғой жұрт су шығар,
Қой азайса, көбеймейді қойшылар.
Жандайшапқа жақсы атанып жалшылар,
Академик болып кетті малшылар.
***
Ой-тұңғиық, көп бойлама тереңге,
Емін-еркін жүзе алмайсың балықтай.
Үніл, бірақ, тұңғиықтың түбіне,
Қараңғыны тіліп өткен жарықтай.
***
Тіршіліктің айналғанда ұршығы,
Қатар тұрар табысы мен қырсығы.
Кірпіш болып қаланғандар аз емес,
Тек аралас балшығы мен қылшығы.
***
Қызықпаймын сарайына патшаның,
Уайымы көп судай шашқан ақшаның.
Таза ауада ойнап-күлген құрбымен,
Артық бағы патшалардан Тазшаның.
***
Орден тағып есірген мен елірген,
Сыбағаны алдық дей ме өмірден?!
Суық мұздай жүрегіңді қаритын,
Пайда бар ма кеудедегі темірден?!
***
Елім десем, өртенгенде өзегім,
Айтуым да, қайтуым да тез едім.
Қатты күлсем, жас шығады көзімнен,
Күн кеткен соң түн алады кезегін.
***
Қуанғандар атқан аңын құлатып,
Аңшылықты жүр ғой сырттай ұнатып.
Қызық үшін аң-құсты атқан адамды
Тағдыр бір күн кетері анық жылатып.
***
Жол бойында жолыққанмен қиын дау,
Мойыныма салмай жүрмін мойынбау.
Толып жатыр жем жейтіндер астаудан,
Қарғыбаусыз жүру, бірақ,қиындау.
***
Иттен қорықсаң, көлігіңнен түспейсің,
Шара таппай, бармағыңды тістейсің.
Иттен артық дос жоқ дейді, сол иттер
Залымдарды қорып тұрса, не істейсің?!
***
Үйкүшік боп не бітірді сол адам,
Көтерем ғой шықпаған мал қорадан.
Байлаулы иттер абалауды қош көрсе,
Қамаудағы ит болады екен қабаған.
***
Адам бар ма дұшпанынан сақтанбас,
Тиер, тимес алыс жерден атқан тас.
Ең ауыры – жол үстінде жатқан тас,
Ең қиыны – табанына батқан тас.
***
Жол бойында тұрмайды ылғи гүл өсіп,
Қалжырайсың зұлымдармен күресіп.
Кір мен қоқыс сыртындағы есіктің
Кіреді үйге аяқтарға ілесіп.
***
Шен алғандар көздерін шел қаптаған,
Пайда көрсе, үйде тыныш жатпаған.
О дүнияда бермесе егер жауабын,
Бұл дүнияда кім бар оны соттаған?!
***
Жайлары жоқ елдің сөзін салмақтар,
Қаптап кетті жалбаңдаған жармақтар.
Бас бармақтай шіренгенің қайтесің,
Бақай құрлы қынуы жоқ бармақтар.
***
Жыр тұлпарын ерттеп міну оңай ма?
Көш соңында қалсам деген жоқ ойда.
Толып жатыр жата қалып жазғыштар,
Нағыз дүлдүл ақындар аз, алайда.
***
Ақ көңілі айнадайын көрінген,
Айналайын жаны дархан елімнен.
Қазағымның кең пейілі қашанда
Дастарханға ағыл-тегіл төгілген.
***
Тəж кигенді күтіп тұрса ой-белес,
Жанындағы нөкерлері «қой!» демес.
Өмір деген ханқамаудың тақтасы,
Бетіндегі тастың бəрі дойбы емес.
***
Отыз тіске тұрса-дағы бекініп,
Саңылау тауып шығады екен кекірік.
Дəті барып айтқан кезде өтірік,
Ауыз шіркін кетеді екен көпіріп.
***
Қарны құрғыр не жесе де, тоймаса,
Қомағайлар қылғытуын қоймаса,
Гүлге қонып, қанша шырын сорса да,
Бал арадай бола алмайды жай маса.
***
Көп өмірдің шешілмеген сұрағы,
Талай сауал жауап таппай тұр əлі.
Адамдардың бəрі жақсы секілді,
Арамзалар қайдан ғана шығады?
***
Тойып ішсең, тамақтың да нəрі кем,
Өлшемесең, уланасың дəріден.
Қолда барға қанағат қыл, жарқыным,
Қолың жетсе, тез жерисің бəрінен.
***
Біреулерді өкіндіріп, жылатып,
Өтіп бара жатыр, қайран, уақыт.
Тіршілікте күліп-ойна, қайғырма,
Баста мəңгі тұрмайды ғой бұл бақыт.
***
Жүрген адам біреулерге күйік боп,
Кейбіреуге көрінеді биік боп.
Бет пердесін ашу қиын арамның,
Жер бетінде қаттыдан да сұйық көп.
***
Адамдар бар мейманасы тасыған,
Қағынады олар тіпті жасынан.
Шыға алмаса шалшық көлден сасыған,
Балығың да шірімей ме басынан?!
***
От жанғанда көзіңді сал аныққа,
Қызуы көп жанған оттың тамұқта.
Күн мен айды мақтасаң да қаншама,
Майшамның да үлесі бар жарықта.
***
Монша ішінде өлшеп біреу салмағын,
«Көп қосыппын!» – деп шошайтты бармағын.
Дарыны емес, қарынына сенеді-ау,
Айтпаса да, түсіндім мен ар жағын...
***
Жігіт болып есептеліп қалғанмен,
Көп нəрсені келем əлі түсінбей,
Біреулердің түсі жылы болғанмен,
Белгісіз ғой не бары оның ішінде...
***
Барлық пенде бұл фəнидің қонағы,
Көңілдері болғанымен жоғары,
Парыздарын өтеп бітпей, бақиға
Асықпай-ақ қоюына болады.
***
Тоқтамайтын, қайырылмайтын Уақыт
Сені жиі кетеді екен жылатып.
Есебінен жаңылмайтын уақыт
Сосын сені тұрады екен жұбатып....
***
Қанша қабақ шытса-дағы зор таулар,
Дағдыларын тастамайды қорқаулар.
Өлексені өліп-өшіп жейді олар,
Тірі жəндік табылмаса жұрт аулар.
***
Бір сөйлемде тұрған болса үтір нық,
Қылған жөн-ау шүкірлік.
Орнын білмей, нүкте болам десе егер,
Оның аты – күпірлік.
***
Əкем менен шешемнің екі бөлек қабірі.
Қозғап кетер жүректі, бірдей, бірақ, қадірі.
Қонған бақтың қолыма тереңде ғой тамыры,
Нұр төгіп тұр жолыма туған үйдің жарығы.
***
Сүйенері де, сүйкенері де жоқ болса,
Жалғызбастылар жарата қоймас көпті онша.
Жақсылық сол ғой – ұрпағың өсіп, жетіліп,
«Атаға тартып туған ғой!» деген ат қалса.
***
Бұрын шыққан құлақтан мүйіз озған кейінгі,
Қатыратын миыңды көрдім талай жиынды.
Байқап қара, еліңе жоғалтпасаң сыйыңды,
Көл дегенің – шалшық су, тау дегенің – үйінді.
***
Залым патша, дүмше молда жəне арамза ғалымдар
Бетіменен кете берсе, елдің мұңы қалыңдар.
Жағымпаздың бағы жанып, малтабарлар молайып,
Көлеңкеде қала берер соры басым дарындар.
***
Жалғыз ағаш еш уақытта орман бола алмайды,
Жалғыш кірпіш ешқашан да қорған болып тұрмайды.
Жалғыз талдан шыққан жылу қарық қыла алмайды,
Жалғыз талдан шыққан түтін талай жерді былғайды.
***
Тіршілікте жалмаған талайларды қара жер,
Хан көтерер өлгенді ақылдары шамалы ел.
Депті біреу досына: «Ол дүнияға барғанда
Қараминді* өлтіріп, Қатиминге* пара бер!»
*Қарамин – амал дəптерге сауап жазатын періште
*Қатимин – амал дəптерге теріс істерді жазатын періште
***
Тəтті-тəтті түс көрдім кездерімде қалғыған,
Қызық-қызық іс көрдім. Сен не дейсің ал бұған?!
Егер жұмақ бұйырса, болса болды жан-жарым,
Тозақта да достарым шықса болды алдымнан.
***
Улы жебе тиген кезде болса жаным жаралы,
Жүрек қаны қаламұштан сия болып тамады.
Қоламтада қалған шоққа сол сияны құйып көр,
Су боп қалған отының да тез тұтанып, жанады.
***
Кейбіреулер туа сала адаммын деп ойлайды,
Ол, əрине, ең алдымен сəби болып ойнайды,
Сəл өскен соң жігітпіз деп кең далаға симайды,
Басқа жағдай ештеңе етпес, осы мені қинайды.
***
Əр халықтың, əрбір ұлттың өз өрнегі болса да,
Күйдің тілі, бидің тілі түсінікті баршаға.
Армандаймын мен де кейде үміт құсы қонса кеп,
Бар адамға менің тілім түсінікті болса деп...
***
Табын қалай жайылар бақташы болмаса,
Соғым қалай сойылар қасапшы болмаса.
Ошақ ойран болмай ма отбасы болмаса,
Көш қалайша түзелер көш басшы болмаса...
***
Кеудең биік болса да еңкейуді ұмытпа,
Төбең тиіп тұрса да төменгіні ұмытпа.
Білек күшті болса да жəбірлеме батырды,
Тізең мықты болса да тізерлеме жақынды.
***
Сөз – көңілдің тамшысы,
Қалам – шабыт қамшысы.
Жорғаласа сүрінбей,
Қағаз – жырдың жаршысы.
***
Заман тыныш, ел аман.
Қас қағым сəт түнгі ұйқыдан оянған,
Нəрестеңді өз қаныңнан жаралған
Аяласаң – не арман?!
***
Көктеп шыққан егінді
Қуратса да тез мүлде,
Берік, алмас сенімді
Тоздыра алмас мезгіл де.
***
Нені ойлайды толған кісі,
Көйлегі көк, тамағы тоқ.
Гүлстанда болған кісі,
Көрстаннан хабары жоқ.
***
Жүрсе егер жырым үзілмей,
Ұқсайды жазға күзім кей.
Көңілім менің екі ұдай,
Семсердің екі жүзіндей.
***
Өмірде қисық айна бар,
Кейпіңді теріс түсірер.
Тап солай кейбір адамдар
Ойыңды теріс түсінер.
***
Кей əйел қылмыңдап,
Отырса жымыңдап,
Бүп-бүтін көңілді
Кетеді жырымдап.
***
Таба алмасаң өлшемді,
Аңғармасаң мөлшерді,
Егін бітік шықса да,
Ала алмайсың кеусенді.
***
Ежелгі қаспен дос болма,
Қойнында қанжар жатады.
Ежелгі доспен қас болма,
Ұрымтал жерден атады.
***
Ағайынды қоңыр қаз,
Біреуінің басы таз.
Тазға тарақ ұсынған
Жағымпаздың ақылы аз.
***
Бір жұтым ауа – өлеңім,
Жыр жазбай қалай жүремін?
Ауасыз тыныс тарылып,
Алқынып қалар жүрегім.
***
Тат басар кейде көңілді,
Қайраңда шөккен кемедей,
Сүйемін, бірақ, өмірді,
Өрт шалмай қалған көдедей.
***
Өткен күн болса ертегі,
Елімнің бар ма ертеңі?!
Мұхиттан аман өткізер
Сенімнің берік желкені.
***
Жақсыны жүрсе жатсынып,
Көргені жоқтар көргенсіз.
Жасауға жұртқа жақсылық
Жалғанда олар дəрменсіз.
***
Қашанғы енді бұғасың,
Шындық сырын ұғасың.
Пышақ болсаң шын асыл,
Түбі тесіп шығасың.
***
Патшаларды қылған мəз,
Мəңгі тұрмас тақ пен тəж.
Тағы қатты, тəжі ауыр,
Түсінбесе – ақылы аз.
***
Тəжді кию қиын емес,
Қиын – бастан сыпыру.
Таққа отыру қиын емес,
Қиын – ұзақ отыру.
***
Болмаса қара топырақ,
Болмайды жасыл жапырақ.
Халықтың соры бес елі,
Патшасы болса ақымақ.
***
Жақсы лебіз – жарым ырыс,
Жаман сөздер бейне бұрыш.
Кісі көңілін табам десең,
Лебізің болсын дұрыс.
***
Ата-ананың бір көзімін,
Өзгермейді мінезім.
Өзіме өзім дос өзіммін,
Өзіме өзім жау да өзім.
***
Ұлы ма, əлде ұлтарақ па,
Тарих па, əлде құр парақ па?!
Көзге жылдам шалынады
Күйе түссе шымқай аққа.
***
Шарадан асып-төгілген
Білімсіз, даңғой, бишара,
Солардан талай жеңілгем,
Ұқпаса сөзді, не шара?!
***
Бір күн бар да, бір күн жоқ,
Сабыр қылсаң, көңіл тоқ.
Бірде аз да, бірде көп,
Қалар артта дүние-боқ.
***
Кеудедегі жан қымбат,
Жаннан, бірақ, ар қымбат.
Жас күніңнен ғашық боп,
Жандай сүйген жар қымбат.
***
Мырза, яки құл болса да,
Кімнің соры, кімнің бағы?!
Сөз ұстайтын ұл туса да,
Ел ұстайтын би қалмады.
***
Жасы жеткен қартаяр,
Жарқын жүзден нұр таяр,
Шалқар көл де ортаяр,
Кезің келер жантаяр.
***
Түскен жерге – тас ауыр,
Жарғақ басқа – шаш ауыр.
Былқ-сылқ етсе мойыны,
Екі иыққа – бас ауыр.
***
Жастық зулап өтеді,
Қарттық жылжып өтеді,
Сондықтан да өмірді
Бағаласаң не етеді?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter