Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  187


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ЕГІЗ ЖОЛДАР

Кешірімшіл бол десем де жүрекке,
Санам кейде көнбейді ондай тілекке...
***
Бір басыма жетіп жатыр «шатағым»,
Керек емес бұлдап берген атағың.
***
Итжығыс боп келе жатқан жалған-ай,
Туған айды көре алмайды толған ай.
***
Сөзіне егер құлақ қойсаң, тапалдар:
«Биіктер тез мүжілер» – деп мақалдар.
***
Абылай ханның киіп алып қалпағын,
Аруағынан қорықпағаннан қорқамын.
***
Сұлтан барда қызмет қылар құл таңдар,
Көбейеді намысы жоқ ұлтандар.
***
Тұсау кеңіп, ұзарса да арқаны,
Сары орыстан қазақ əлі қорқады.
***
Бүтіндердің түтінін пайдаланып
Жүрген жарты кетіпті майдаланып.
***
Болғандардың бармақ басты, көз қысты
Көретұғын көрешегі екіұшты.
***
Көрген кезде мықыр менен бүкірді,
Орта бойлы бойшаң кісі сықылды.
***
Құмырсқаның илеуіндей бұл өмір,
Арасынан саңылау тауып, кіре біл.
***
Ұстаймын деп астыңдағы тағыңды,
Алма ұшырып басыңдағы бағыңды.
***
Ұлымын деп кең дала төс қақпады,
Биікпін деп сонда тау асқақтады.
***
Дос-жараның болмаса табалайтын,
Дұшпаның да болмайды бағалайтын.
***
Дарияның жанынан құдық қазып,
Жүрген адам болады кімге қазық?!
***
Қартайтатын əйелді – көздің жасы,
Жасартатын – ерінің ықыласы.
***
Қас пен көзді бояп қанша керегі?
Жас əйелдің өзі сұлу, себебі.
***
Тікен еккен алқапқа бидай сепкен
Дəметеді өнімнен не себептен?!
***
Тамыр бұғып жатқан кезде тереңде,
Жапырақтар жырланады өлеңде.
***
Көрген кезде кінə тағар көп сыншы,
Өлшеулі өмір өкінішсіз өтсінші
***
Елеріп жүргендерді ексімденіп
Көргенде кетеді екен көшкің келіп.
***
Тығылуға болар қардан, жаңбырдан,
Бірақ, қашып құтылмайсың тағдырдан.
***
Шыдам қыл қайғы келсе бір басыңа,
Бөліп бер, олжа түссе, жолдасыңа.
***
Шұңқыр көп аяғыңды басқан сайын,
Қуатын жау көбейер қашқан сайын.
***
Таң атарда жарқырап дөңгелек ай,
Бара жатыр дөңгелеп Күнге қарай.
***
Болып жатса ыдыс-аяқ сыңғыры,
Кетер басып бөбктердің былдыры.
***
Болар деп көп ұзамай ақырзаман,
Не пайда қол қусырып отырғаннан.
***
Қабырғасын алмаса да бүтіндеп,
Тозақта да тұрар қазақ «Шүкір!» - деп.
***
Жерде жатқан қиқым болса, еңкейіп
Алған кісі кетеді екен көркейіп.
***
Көк мұхитта еркін жүзген балықты
Аквариумға қамап қою қауіпті.
***
Бір бірін құлақ қойып тыңдаса егер,
Болады айлас əйел мұңдас əйел.
***
Аққуда сүт, жылқыда өт болмайды,
Арсыз болса, адамда бет болмайды.
***
Өмір үшін ашқан пенде бұл фəнидің қақпасын,
Өлім дейтін қақпаға да тірері анық ат басын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу