Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  218


Автор: Жанат Жаңқашұлы

Түн ұйқымды бұза берді ит ұлып....

Түн ұйқымды бұза берді ит ұлып,
Көңіліме ғасырлардан күй тынып.
Бөрі кезім еске түсіп бағзыдан,
Мен де ұлыдым қитығып.
Ит ұлыды... Бөрі ұлыды... Бірақ үн,
Бірақ үннен жауыр болған құлағым.
Екеуінің тілі де бір, ділі бір,
Үңгірімен үйшік бөлген тұрағын.
Бөрі ұлыды, аспан асты жаңғырып,
Талақ еткен талай күнді қаңғырып.
Ит ұлыды, адамзатты таң қылып,
Тойып ұлу қайдан шыққан заңдылық?
Көк тəңірге сыйынады бір тілде,
(Ұли алсаң бөріше ұлы, іркілме!
Адамдарда бөлінеді-ау түр, тілге,
Көксаулардың үні ұласып күркілге.)
Тауларымнан естіледі не күбір?
Екеуінің тілі де бір, тегі бір.
Тəңіріне сыр айтады жарысып,
Семіп қалмай созылғанша шегі бір.
 О, Адамзат, түсінбейсің неге сен?
Мен де ұлимын, енді бірде егесең.
Бөрі ұлиды, Ит секілді сыртыңнан,
Үре алмайды демесең...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу