Өлеңдер ✍️
Бүркіт
Құс жайын қозғаса бір ой ырғағы,
Елітер ерекшелік сойындағы.
Адамға аңшы иттер тез көндіксе,
Бүркіттің өте қиын мойындауы.
Ол үшін қырсықтығын оның елеп,
Сынасу бапкерлердің қолы дер ек.
Қасында ұйықтамай, ұйықтатпай,
Кемінде үш күн бірге болу керек.
Ермекті табиғаттың тапты заңы,
Өзара бәсекемен бап қызады.
Төзбесең ұйқысыз күн, түндерге сол,
Құс мұны әлсіздікке жатқызады.
Ысқырып, мелдек атып, өлеңдеткен
Қалпыңмен бірден қызық көрем деп пе ең?!
Қыраннан үйретілген аңшы жасап,
Қансонар күткеніңше көп еңбектен!
Су сорған ақжем етті жалыға жеп,
Келтірме отыратын бабына шек!..
Ал бұйрық орындауға, атын танып,
Тоғыз ай тынымсыздық тағы қажет.
Аң қағар тұс таңдауды шарт қылмайды,
Оқ жетпес қашықтыққа таптырмайды.
Маңайда мүмкіп тұрса,
Ішімдік пен
Шылымның иістерін жақтырмайды.
Балақбау сырын қазір мас та білмек,
Қолына лауазымды қасқаң ілмек.
Ол түгіл, өз иесі тарапынан
Зиянды дағдыларды тастау – міндет.
Көбеймес, байлап қойсаң жер-кіндікке,
Сондықтан өлетұғын дертін күтпе!
Он жылдан артық тұрмай адамдармен,
Күнелтсін ұрпақ үшін еркіндікте!
Бұлт асты, қия басы – қалықтар маң,
Биікте жалықпайды шарықтаудан.
Табиғи жағдайында сексен, жүз жыл
Ғұмырын сақтайтыны анықталған.
Келгенде Ұлыс күні, күш қылып па?!
Құс сойы шағылыса түсті жұртта...
Ай жарым уақыт жатып құз төсінде,
Басады бір немесе үш жұмыртқа.
Сирағын қантүбіттің жұлқып іле,
Байлайтын шырмауықпен ырқы міне!..
Тігінен көтерілер ұясына,
Ұшып кеп жер бауырлай шың түбіне.
Байлаулы балапаны бүрісуде,
Әйтеуір, бір-ақ уыс тірі сүлде!
Не көрсе ұясында, соны ілуге
Ұшады жетпіс-сексен күн ішінде...
Құбылтпас Алла қоңыр, қара түрін,
Жаратты оны солай жаратуын.
Тоқсан бес сантиметр дене тұрқы,
Құлашы екі метр қанатының.
Сүйекке түсіп қалар болат табы,
Тырнақпен қарқын бірдей орақтағы.
Түндегі құс жолынша сән түзеген,
Қанат пен құйрық асты жолақтары.
Бөріге сынатса да күшін еркек,
Ешқашан сақтамайды кісіге кек...
Қарайды жалғыз өзі күнге тура,
Тіршілік иелері ішінде тек!
Қандастың кештіретін жауға құнын,
Таппайды хас батырша таңнан тыным.
Түйілген қабақ анау, тұмсығы дәу,
«Символы – мен,- дегендей – тау халқының!».
Атқызып, батқызатын таңы, кеші...
Қызықты тағы, тағы, тағы несі?!.
Қысқасы, адам әрең қайыратын
Киелі құс патшасы!
Тау иесі!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter