Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  150


Автор: Наурызбек САРШАЕВ

ШƏЙІРЛЕР ӨЛІМІ

Өтті ақындар өмірден дарыны үстем,
Өтті ақындар заманның зəрін ішкен.
Патшасы боп өтті олар өлең сөздің,
Ал, тағдыры аумай бір дəруіштен.
Құлақ тоспай арынды ағын үнге,
Мезетінде білмейміз қадірін де..
Барында бағаламай, алайда, біз,
Жыр оқуға құштармыз қабірінде.
Біздің басқа сор болды бағасыз бақ,
Бақ ұшқанда жатамыз шарасыз қап.
Аузымызда біздердің күндеп-мінеу,
Ал, олардың жанында жара сыздап…
Мейлі, тіптен, болмасын сыйы мүлде,
Мейлі, заман салмасын зейінін де.
Иінін де иілтпей солар мəңгі,
Өздерінің тұрады биігінде.
Тағдырлары аумай бір дəруіштен,
Өтті ақындар заманның зарын ішкен.
 Өтті ақындар...
Өтеді...
Біз де өтеміз,
Өкінішті қосақтап сағынышпен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу