Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  125


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Ақындар келгенде

Екі ауылдың арасы жақын еді,
Дегеннен соң жүгірдік «ақын келді».
Топырлаған көп бала топтан оздық,
Бір тəуірі «атымыз» тақымда еді.
Іші-сырты ақ үйдің қалың адам,
(Ақын болып көрінді бəрі маған).
Ақ күндікті аналар, аппақ шалдар,
Қарын шашы сəби бар алынбаған.
Достарымның жылыстап қатарынан,
«Пайдаланып» атаның атағынан.
Өлдім-талдым дегенде орын алдым,
Ақындардың қатары ата алдынан.
Міне ғажап, отырмын бетпе-бетте,
Қымыз ішіп болыпты, етті жеп те.
Бізден бұрын көп қызық аяқтапты,
Деп отырмын ішімнен «кетпе-кетпе».
Сөйтсем оным қонақтар түстігі екен,
Ықыластар əлі де ыстық екен.
Кесек дене, сары шегір, күлдіргі адам,
Бірдеме əлде есіне түсті ме екен.
Қозғалақтап қолға алып домбыраны,
Құлақ күйге келтіртіп мол бұрады.
Желдірмемен желдіртіп бір өтті де,
Жолдасына ұсынды қоңыр əнді.
Сөзімен де күлдіріп, өлеңмен де,
Қасы-көзін ойнатқан көрерменге –
Сымекеңді 1 көрем деп басқан елдің,
Бастырылып біреуі өле ме əлде.
Енді бірі қағілез қатқан қара,
Тауға шыққан аңшыдай қақпанды ала.
Киіз кітап қолында жазып-сызып,
Жастарға да барады, қарттарға да.
Қалмасын деп басқаға «есем» кетіп,
Оқиды өлең желдетіп, нөсерлетіп.
Өлеңінде Арқалық садақ тартып,
Шəріпқандай барады көсем кетіп..
Дөдегемен түріліп киіз есік,
Сықырлайды үй, уықтың иіні кетіп.
Сыншыл қауым мұндайда тек тұрсын ба?!
Бір-бірімен қалады «мүйіздесіп».
– Ақындарға қайдағы мал бітеді,
– Дей алмаймын осылар жан күтеді.
– Сауықпенен жазды алған шегіртке ғой,
– Осың жазған «Панарды», «Малбикені» 2
Ел не десе о десін асқарына,
Желі тартты ол осында дастанына.
Ақын Болмас, бұл жолы əнші Бəжей3,
Екі бұлбұл бар еді қастарында.
Арманына тастатқан ақ шалмасын,
Қайран күндер неге есте сақталмасын.
1 Ақын Сымағұл Қалиұлы.


2 Асқардың пьесасы мен дастаны айтылып отыр.


3 Болмас, Сымағұлдардың замандас серігі əнші Фəйзірахман.
«Төрт мықтыны» көргем деп екі ауылдың –
Балалары қалайша мақтанбасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу