Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  118


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Өмір және мен

Мен өмірдің бір ғана бөлшегімін,
Қуанышын көтерер, берсе мұңын.
Шар басымда алпыстың ақылы бар,
Жарқылы бар жанымда он сегіздің.
Арасында дауылдың, нөсерлердің,
Сүтін еміп еліктің есейгенмін.
Табиғаттың қанымда тасқыны бар,
Содан болар, болса егер кесел жерім.
Күнгейім де бар менің, теріскейім,
Орбитасында əлемнің өрістеймін.
Өмір маған үйретті өр болуды,
Пəтуасыз жандармен келіспеймін.
Өмір деген басталып отбасынан,
Ол да судан өтеді, оқ қасынан.
Өмір деген бітпейтін үлкен мектеп,
Кімдер оның өтпеген қақпасынан?!
Кімдер оның өтпеген қақпасынан,
Байлығынан дəметіп, көк тасынан.
Ақын өтіп барады арыз айтып,
Сəби өтіп барады боқша асынған.
Аулай алмай арқауын көп көңілдің,
Суын таппай сынақта көк темірдің.
ЖОО-дан диплом алсам-дағы,
Сынауынан өмірдің өтпей жүрмін.
Өмір маған өлшеусіз күш береді,
Шабыт сана-сарайға түстенеді.
Күндізімде көргенім, сезінгенім,
Өлең болып түнімде түске енеді.
Күнде өмірден бола ма үйренбеген,
Түзден де өлең туады, үйден де өлең.
Суығымен тоңдырған мына өмірдің –
Ыстығына қақталып күйген де мен.
Өмір кейде əкем мен анам сынды,
Аямай-ақ айтады маған сынды.
«Ене тепкен құлынның еті ауырмас» –
Қайдан табам мен ондай жанашырды.
Мен өмірдің бір ғана бөлшегімін,
Қуанышын көтерер, берсе мұңын.
Шар басымда алпыстың ақылы бар,
Жарқылы бар жанымда он сегіздің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу