Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  520


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Абай, Мұхтар екі ғасыр алыбы1

Мұхаңа да толды міне, бір ғасыр,
Ойлағанға жатқан жоқ па мұнда сыр.
Бұл дүние талай-талай бұзылды,
Қылтың-сылтың ұрғашыдай кінəмшіл.
Талай теңіз парға айналып құрыды.
Талай зеңгір шөгіп кетті бұрынғы.
Ал, Мұхтарды төбесіне көтерді,
Азияның магмалы құрлығы.
Айтса – айтқандай, тумады əлі ұл мұндай,
Шапса дүлдүл, сайрағаны бұлбұлдай.
Əдебиет əлеміне көз тіксек,
Тұлғасы да Бұланайдың шыңындай.
Мұхаң еді-ау, халыққа ырыс, елге шеп,
Артта мұраң болмаса егер нөлге есеп.
Қазағым-ай, туың шықса ертерек,
Онда ұлы адам алпыс төртте өлмес ед.
1 Мұхтар Əуезовтің Алматыдағы 100 жылдық мерейтойында
оқылған
Алпыс жаста біліп алты ғасырды,
Қоңыр дауысын одан да ары асырды.
Жаңа ғасыр енді қанша толғатар,
Туа бермес ондай-ондай асылды.
Абай сынды алдыға ұстап көш басын,
Ұлт тағдырын романға қосқасын;
Құнанбайдың айбатымен жасқады,
Тоғышарды, жалақорды, өш-қасын.
Сөйтіп Мұхаң тарта жүріп азабын,
Дүниеге танытқан-ды қазағын.
Қазір əлем аясында шырқайды,
Ұлы Абайдың махаббатын, таза əнін.
Абай, Мұхтар екі ғасыр алыбы,
Екеуі де қарт Шыңғыстай тау ұлы.
Қос заңғарды дүниеге əкелген,
Аруаққа бас!
Құнекеңнің ауылы.
Сол Абайдан, сол Мұхтардан күш алып,
Қанатым бар алыстарға ұшарлық.
Бізге Мұхаң мол қазына қалдырды,
Болмасын, – деп, – рухани жұтаңдық.
Мен – қазақпын, қара өлеңнен сарайы,
Ай мен Күннің түседі үйіме арайы.
Оның бірі Мұхамметтің құраны,
Бірін айтсам, Əуезовтің «Абайы».
Мұхаң еді халыққа ырыс, елге шеп,
Артта мұраң болмаса егер нөлге есеп.
Қазағым-ай, Туың шықса ертерек,
Онда ұлы адам алпыс төртте өлмес ед.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу