Өлеңдер ✍️
Ұлым, саған айтамын
Ұлым, саған айтамын, қызым, тыңда,
Əке атты бір биік тұрмын шыңда.
Тағдыр сенің мейірбан анаң емес,
Əлі талай салады ғұмыр сынға.
Сендер үшін өмірді жасап келдім,
Қарым талып, қаңтарда босап белім.
Мен жүргенде дестелеп бидай орып,
Көмектесіп алдарың масақ тердің.
Көтерген соң жасаған ортаң шуды,
Түндігіміз басқадан ерте ашылды.
Аналарың сендер деп отқа түсіп,
Жеті қырдың астынан жем тасыды.
Бүгін бəрің ат жалын тартып міндің,
Артық киіп демеймін, артық күлдің.
Қатарынан сонда да қалмасын деп,
Жолдарыңды шамамша аршып тұрдым.
Ұлым, саған айтамын, қызым, тыңда,
Əке атты бір биік тұрмын шыңда.
Бақыт деген көшпелі алтын емес,
Жүретұғын əркімнің уысында.
Бақыт деген құралған арман, мұңнан,
Бұрынғыдан бұ дағы қалған бір əн.
Бала-шағаң асыр сап үйде қалып,
Болашағың күтіп тұр алдарыңнан.
Болады деп қандай жан, қандай адам,
Отырады күнде бір боздап анаң.
Өздеріңнің отыңды өзің үрлеп,
Өз көшіңді өздерің қозға, балам.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter