Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  139


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Өзіме өзім

Дүние кермек, кейде шекер екен,
Тағдыр келіп маңдайдан шертеді екен.
«Ақкөңілдің аты арып, тоны тозбас» –
Деген сөз де бұл күнде бекер екен.
Адамдарды көрмеушем ала бөтен,
Ақтарылып ағымнан қалады екем.
Қулық келіп сол шақта атымды алып,
Сұмдық тұрып жағадан алады екен.
Өзенінен өмірдің қиып өтем,
Дегенімде жаңсақтық ұғым екен.
Жыланның да аяғы көрінбейді,
Адам аласы іштегі қиын екен.
Өзіме-өзім отырып өкінемін,
Қай теңім ед бұлбұл мен тоты менің.
Қусақтағы Ертістің қу талы едім,
Қараша үйге тамыздық отын едім.
Ұстамалы мінезге ұрыншақтық,
Жолдасымның сезінем сынын шаттық.
Не болса да көтерем, кейбіреуше
Көшірмеймін пəлені қуыршақ қып.
Не көрмедім, жанкешті, еңселі едім,
Жұбатады көңілімді ерке өлеңім.
Тексеріліп күнде бір ар алдында,
Дар алдында тұрғандай теңселемін.
Оқ жонады дейді екен ата көрген,
Қарсыласып өтемін қата менен.
Шақыртқанда патшасы «есеп бер» – деп,
Үңгірінде байғұз да жата берген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу