Өлеңдер ✍️
Сыр
Болмасам да жоталы, дəу бір ақын,
Асар арман, алдымда бар мұратым.
Толғанамын өмірге немді бердім
Əкем маған қойса да таудың атын.
Мен үшін шабыт келсе ырысты күн,
Демеймін бұзылды ұйқы, тыныштығым.
Құр бекер ақын аты адыра қал,
Өмірдің жаза алмасам бір ұшқынын.
Осы оймен үлесімді іздеп жүрмін,
Құр өткізсем ұят-ау жыр мезгілін.
Сəбиім де мектептен келген сайын,
Жылтыңдайды көрсетіп жүз нөмірін.
Оқырманға жақбас деп бірсыдырғы үн,
Таңдауменен келемін жыр сұлуын.
Лирикаға сезім мен күлкі беріп,
Көрсетпек те боламын сыршылдығын.
Ұнарым да беймəлім, ұнамасым,
Болсын жырым өміршең, құламасын.
Отаныма – осы ұлы шаңыраққа,
Ұсынамын көңілдің сыбағасын.
Азаматпын ақкөңіл, ашық-жарқын,
Не сырым бар елімнен жасыратын.
Жай бұлтындай ойнақы мінезім жоқ,
Сес көрсетіп бірдемде басылатын.
Қызметпен жүрсем де қай ортада,
Қуанамын бəйгеден тайы озса да.
Елімменен тағдырлас бола білсем,
Басқаны қой, жетеді маған со да.
Тіршілігім: өлең мен күйге құмар,
Бір жасайды дүзде де, үйде бұлар.
Кісімсінген таязға бой ұрмаймын,
Жаны жайсаң жақсыдан үйренгім бар.
Арман қуып қиянға кетсем кей күн,
Қиындықты қиналып кешсем мейлім.
О, достарым, жүрегім тоқтағанша,
Қатарыңда жарқылдап өтсем деймін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter