Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  112


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Қайырты

Бұрын аю өскен жер,
Жемтік көміп көшкенде ел.
Құндыз, бұлғын мекендеп,
Сауырынан ескен жел.
Атан құлап жүгімен,
Апам жылап бүгілген.
Шатқалдағы ғажапқа,
Ұшпада арқар үңілген.
Тартып жолдың азабын,
Жұтып айран-шалабын.
Дархан əкем телміріп,
Қырсаулайтын қазанын.
Қуертістің басы бұл,
Қараңызшы тасы гүл.
Машиналар ағылып
Қарағайын тасып жүр.
Дейді маған малшы іні,
Атқа басып қамшыны.
Жапырақтан судырап
Төгіледі таң шығы:
– Қайыртыға қайырылып,
Қайтыңыз – деп – ай жүріп.
Тізгінімнен ұстайды,
Қалатындай айырылып.
Қайыртыға қарадым,
Аттың жалын тарадым.
Татқан жерім дəм-тұзын,
Қимай кетіп барамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу