Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  487


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Қайын жұртта

Қырқасында қырықтың нұрым кеміп,
Алағақтың құлпырдым қырын көріп.
Осы ауылға мен-дағы күйеу болғам,
Осы жерде ең алғаш ұрын келіп.
Өлеңімен таңы атып, күні шыққан,
Өлеңімен сəбидің тілі шыққан.
Ақын да бар, əнші бар, бұл ауылда,
Төлебай мен Асқардың нілі жұққан.
Дарқан ауыл көңілді бусантады,
Өлеңдетіп аң аулап, құс атады.
Өлеңменен түндерде қой күзетіп,
Өлеңменен жылқысын жусатады.
Мұнда келсем жанымның аптығы асып,
Көңіл-күйім кетеді жасқа ұласып.
Балдыздармен баяғы əзілдесіп,
Бажалармен жатамын бас тырнасып.
Қатал уақыт мені де көп тежейді,
(Бір тоқтысын демеңдер текке жейді).
Түспей кетсем үйіне
Жеңгелерім:
Ұмыттың деп қомпылдап өкпелейді.
Жерге қарап мəз болам, елге қарап,
Қайын жұрты қашанда ерге қанат.
Көре қалса қараны анадайдан,
Балалары жүгіред «жезде ағалап».
Жіберсе де бұл ауыл еркіндетіп,
Салттан асқан жерім жоқ, бейпіл кетіп.
Бауырлары көрсін деп, сіңлілері,
Əкеп тұрмын апайын төркіндетіп.
Үлкендері маған да артады үміт,
Егделепті бір кезгі қалқа, жігіт.
Сағынышпен кіремін əр үйіне,
Отауларға «құтты болсын» айта жүріп.
Аққан судай оралмас өмір қайтып,
Сапарында қуантар, не мұңайтып.
Өлісіне ауылдың құран оқып,
Тірісіне қайтамын көңіл айтып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу