Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
01.06.2022
147
Бұл күнде сөз де аз, тілек те аз...
Бұл күнде сөз де аз, тілек те аз,
Барар жер, басар тауым жоқ.
Бауырым – қатты, жүрек – тас,
Дос кетті, бірақ жауым көп.
Досымнан жақсы қас шықты,
Қастыққа қазақ дарынды-ай.
Қос көзден әрең жас шықты
Әкенің ішкі зарындай.
Өтірігің, өмір, неткен ақ,
Ұлыңды сен де біл енді.
Құйрығын шаншып кеткен ат
Ұстатпас жатқа жүгенді.
Келемін іштен сөйлеп түн,
Көшемен іркес-тіркес-ақ.
Жеңімен шөжім көйлектің
Көзімнің жасын сүрте сап.
Ыңылдап айтып бір әнді,
Мұң теріп алып келемін.
Қаракөк себез тұманды
Бүркеніп алып келемін.
Жалғыз дер бәлкім, жаңқа дер,
Күш берсең болды, а, Құдай.
Маң басып өткен маңқа жел
Барлығып қапты жабыдай.
Кетсе де басқа келген бақ,
Көшсе де күндер құтырған,
Өлмейтін өлең бергенде-ақ
Бұ дүния менен ұтылған!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter