Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  136


Автор: Азамат Тасқараұлы

Өскеменнің түндерінде мұң бар-ды...

Өскеменнің түндерінде мұң бар-ды,
Өзен бойы өркеш-өркеш құм қалды.
Жыл да ардақты,
Жылға да ақты тоқтамай,
Көз етімен көсегендей ылғалды.
Жайпау шағыл, жарбақ тастар,
жасыл маң,
Жендет-тозаң көлеңкемді қашырған.
Көкжиектен жаңбыр иісі бұрқырап,
Алай-дүлей жапырақтар шашылған.
(Өскеменім – менің өміргүлім ең,
Әр дертіңе таба алсамшы бүгін ем.)
...Андыздарын аялаған Ертіс-шал
Аңыз айтып жатады ылғи түнімен.
Мейлі, ойымды өлең деңіз, сөз деңіз,
Өзен кешіп өскесін бе, өзгеміз...
Шалдан екеу – ақ шағала және мен,
Екеуміз де жоқ іздеген кезбеміз.
Жалмап-жұтып кетпесе егер мені сұм,
Аян саған жеңілісім, жеңісім.
Бақ шаба ма, бап шаба ма, білмеймін,
Ақ шағала, сен аман бол сол үшін!
Жоқ қуаныш, қайғы да жоқ,
жоқ күмән,
Білетінім, бұл ән емес ақтық ән.
Білетінім, бір сапарға аттандым,
Көзім алды – көшпелі бу, көк тұман.
Ара-тұра есінейді ауыш қыр,
Жүрегімде толқын атқан дауыс тұр.
Ақ шағала, мүлде адасып кетсем мен,
Жол сілте де, Ертісіммен қауыштыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу