Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  146


Автор: Азамат Тасқараұлы

Есіл мен елес

Күз сетінеп, тігісінен шақ күлсең,
Бұлтқа ораулы осы күйің бақ, білсең.
Іңір сала жауған уақ қардай боп,
Есіл бойы кетіп бара жаттың сен.
Қос көзіңе кептелгенде кеп кірбің,
«Есіл, Есіл, ескі досым!..» деп тұрдың.
Жүрегіңдей жұмыр тасты несіне
Кешкі өзеннің кеудесіне лақтырдың?..
Есіл, Есіл...
Ескі дертім сыздама,
Сен көрген қыз елес қана, күз ғана.
Арман ғана, жалған ғана, сенбе оған,
Есіл, Есіл...
Сен қаласың, мен қалам!
Жалғыз гүлді солдыруға хақың жоқ,
Бір сүйсе егер, сүйер сені жел, боран.
Іңір сазы!
Қара жолдар неткен қақ?
Тұрдың еске қақ суындай өткенді ап...
Қалт-құлт еткен қауырсындай сезімің
Сол елестің жанарында кеткен қап.
Не өзгерсін сендік биік талғамнан,
Бейуақ түстер бұған дейін бар болған.
Бір әуенді салғың келді, айтпадың,
Кездесу мен қоштасуға арналған...
...Қанатыңнан мұң себелеп, кеш құлап,
Масайраған маңғаз бұлттар көшті ұбап.
Сен көрген қыз елес қана, күз ғана,
Өміріңді сүрші одан да өстіп-ақ.
Есіл, Есіл...
Елес, елес... сенбе оған!
Ескі дертім, сен қаласың, мен қалам.
...Жалғыз гүлді солдыруға хақың жоқ,
Бір сүйсе егер, сүйер сені жел, боран.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу