Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  172


Автор: Азамат Тасқараұлы

Жетім қасқыр....

Жетім қасқыр,
Бұрыннан таныс маған,
Жасырынған,
Жақын кеп,
Алыстаған.
Адамдықты өзіне табыстағам,
Адалдықты сақтауға нан ұстағам.
Көзі қан-қан...
Келеді маған қарай,
Қалай тұрам ал енді алаңдамай.
Сықырлайды түн деген қисық арба...
Бұлт ішінде бұлдырап жоғалған ай.
Осы шығар адасу ақылдан да,
Қашып одан кетуге хақым бар ма?
Маған қарап ұлиды сорлы жетім,
Сорлы жетім...
Қорқамын жақындауға.
Мазалай ма оны, әлде, сенделісім,
Сенделісті сабырмен жеңген ішім.
Азуында жын ойнап тұрады оның,
Жамылам деп тұрамын мен терісін.
Мұңаяды ол,
Меңсіз түн жанын қажап,
Қаным ба жат ол үшін, арым ба жат?
Оған мекен болмай жүр қалың орман,
Маған медеу болмай тұр қалың қазақ.
Досым ба екен бұл менің,
Қасым ба екен?..
Жарқ еткендей аспаннан
жасын бөтен.
Ағараңдап таң жатыр білте ұшында,
Ағарайын деп қалған шашым ба екен?
Үміті көп күпті ойлар көгерсе ептеп,
Кірпігіме жұлдыздар төнер шоқ боп.
Жиырмада көргенім –
Жетім қасқыр!
Отызында мына өмір не көрсетпек?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу