Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  123


Автор: Азамат Тасқараұлы

Шапшыма асу...

Шапшыма асу,
Шойын көк,
Шабдар ат ерттеп мінгенім.
Сары атан – менің айым деп,
Тебіне беру білгенім.
Алтайдың арда еркесі
Сапалақ белді бұра өтті.
Жел-қомнан түскен өркеші
Көсе тас тауды кере өтті.
Өмірдің сүрлеу-соқпағын
Өтуге бірге аттанған.
Айғұлақтана шапқаным,
Алқымы көбік қақтанған.
Жез топшы қыран жар еді,
Соңымда қалып жел біткен.
Дойыр бір қамшым бар еді,
Салпыншақ қынды белдікпен.
Кеспірі сұлу күн көрдік,
Терледік талай,
Тоңдық сан.
Зорайып өскен түн көрдік –
Білтесі нашар ондық шам.
Соқпақта жүгім артқан ба,
«Тоқымнан аудым тосыннан».
Айылын бостау тартқам ба,
Айрылып қалдым досымнан?!
...Терімді теріс аударды,
Кемелім – күнім, келелім.
Шаужайлап мінген шабдарды
Түсімде бүгін көремін.
Кірпігімді ілсем,
Кісінеп
Ұйқымды бұзған қашаған.
Соңыма қайдан түсіп ед,
Уыз да аузы бошалаң?!
Ес бар ма деймін шіркінде,
Көзіне тұтас сыйған Ай.
Бетпе-бет кел де бір күнде,
Тарпып өлтірші,
Қинамай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу