Өлеңдер ✍️
Бақалшық
Өзен бойы бір бау қамыс, көк қамыс,
Қамыс бойы қалды қанша шақпақ із?!
Бақбақ болып ұшқан балаң күндерде
Бақалшықтар жинаушы едік қапқа біз.
Бақбақ көрсем толар бүгін көзге мұң,
Жинаушымын, жолаушымын,
кезбемін.
Суық болсам – Ертісіме тартқаным,
Өзектегі өзен демі – өз демім.
Өмір деген өмір емес, тұл дарақ,
Мезгіл жетсе, маңғаз тұрып құрғамақ.
Ауылымнан кеткен кезім әлі есте,
Өзен жаққа, зират жаққа бір қарап.
Содан бері аңғалағын шаң басқан,
Шақтар қанша көшкен, өшкен,
алмасқан.
Бір мылқаудың сөзін тыңдап
өткен күн,
Бір соқырдың көз жасымен
жалғасқан.
Сілбі де ішіп, сілті де ішіп күйген ек,
Керенау түн, желкеден бас, сүйреп өт.
Бақалшықтар түсіме енсе бір шаттық,
Жүрегіме батады ылғи ине боп.
Тұсап ұстар шылбыр да жоқ,
жүген жоқ,
Күнге ғана тал күркемді тігем деп,
Жолға қарап тұрмын тағы үн-түнсіз,
Сыңғыр-сыңғыр бес тиыным
түгендеп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter