Өлеңдер ✍️
Әке
Құлын жастан еру болып көшке мен,
Құтпан айғыр үйірінде өскен ем.
Ұшып бара жатқандағы тырнаға
Әкем анау, ат үстінен «Қош!» деген.
Бұзау тісін қорғасынмен жалатқан,
Қабағынан қырма боран жаратқан.
Тазқарадан тайлақ жүнді айырып,
Бие сауым шешетайға сабатқан.
Ақ шетеннен жасатпаған құрығын,
Ат пен қамшы құдай оған,
Бір ұғым!
Жануардың жалын үнсіз құшады ол,
Баппен ғана шешіп өмілдірігін.
(Қамшыгерім,
Сөзін ұққан көргеннің,
Қадіріне жете алам ба кермеңнің?..)
Бір қағытып қоятыны бар және
Қалжың айтып уытындай ерменнің.
Жүрек түріп қоңыр желге – күбірге,
Аңсағаны дөң асқан бір дүбір де...
Ақтаңдақтай жұлдыздарға ағатын
Ұзақ қарап отырады іңірде.
Делебесі – жарбай таулар, жасыл дүз,
Жасыл дүзге жаба-салма көшіргіз!
Көп айтпайтын оның нәзік сөздері –
Мама бие, саба желін, сосын...
Күз!
Мар теке жел қамыс басын ырғамай,
Күз келді, әке!
Мүлгіп-қалғып тұрған ай.
...Сенің күзің өлеңіме айналды
Ұшып бара жатқандағы тырнадай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter