Поэмалар ✍️
Жанқожа батыр
І-бөлім
ХАҚ БҰЙРЫҒЫН ОРЫНДАҒАН БАТЫР
Қасқырдай жыртқыш Бабажан,
Қалың әскер шығарып,
Хиуа деген қаладан,
Қорғаны жоқ қазақтың,
Малы мен мүлкін талаған.
Онымен де тұрмаған,
Сартқа кеткен сатылып,
Сатқындар шығып арадан.
Әскері көп өзбектер,
Сырдарияның бойына,
Бекініс қамал салдырып,
Бабажандай батырын,
Сайлапты оған хан қылып.
Атаңа нәлет Бабажан,
Тындырыпты көңілін,
Қорғаны жоқ қазақтан,
Күнара бір қыз алдырып.
Қазағымды ойрандап,
Аруымды арамдап,
Сырдарияның бойында,
«Әй» дейтұғын әже жоқ,
«Қой» дейтұғын қожа жоқ,
Бабажан жатты сайрандап...
(Жырау толғауынан үзінді...)
* * *
Сұлу Сыр жатты қарақшылардан жиіркеніп,
Қызылқұм жатты намыстан жүзі өртеніп.
Қарақшы жатты қазаққа қылып «еркелік»,
Қазағым жатты шарасы құрып, жер теуіп.
Қазағым, халқым, толқымай неғып жатырсың?
Қандастарыңа қылыш сілтесең батырсың.
Хиуалықтарға сатылып кетіп «ақылшың»,
Қарақшылардың мазағы болып жатырсың.
Сезсеңші, қазақ, жеріңе сенің кім келді,
Сырыңның түрі қан тектес күрең түрге енді...
Далаңның көркі – қырмызы анау гүлдерді,
Тамырын үзіп...
Уақтынан бұрын кім терді?
Алты ата Әлім, неғылып жатсың күңіренбей?
Арыстан едің кеудесін жаудың тілгендей.
Азуың қайда желкесін жаудың бүргендей,
Арысың қайда «Аллалап» атқа мінгендей,
Боздайсың неге ботасы өлген інгендей?!
* * *
Ей, Сұлу Сыр!
Солқылдап неге жылайсың?
Бір кезде қансың,
Бір кезде күрең ылайсың.
Жұлқынып кейде арнаңа сыймай тулайсың,
Жауыздықтардың жауабын кімнен сұрайсың?
Ей, Бозторғай!
Төбеде ұзақ шырлайсың!
Шырлайсың неге, шырлаудан бір сәт тынбайсың.
Ары бір ұшып, бері бір ұшып зулайсың,
Бейкүнә құсым,
Кімдерден жәрдем сұрайсың?!
Бейкүнә құсым, дұшпаның сенің мықты ма?
Балапаныңды безбүйрек жылан жұтты ма?
Сабыр ет құсым,
Сөзімді менің ұқ мына,
Кездесер жауың өзінен басым, мықтыға!
Жаулары құзғын,
Қазағым болған қырғауыл,
Халқыңның мәңгі есінен кетпес бұл дәуір.
Өткеріп бастан жатқанда сондай күнді ауыр,
Арқадан соқты екпіні күшті бір дауыл.
Жанқожа сонда Ақтөбе деген жерде еді,
Алты ата Әлім Жәкеңе хабар бермеді.
Халқының жайын есітіп ұзынқұлақтан,
Батырдың бойын керемет кернеді.
Кермеде тұрған Ақылақ атты ерттеді,
Кішкенелерден қасына жолдас ертпеді.
Еремін деген жолдасты қажет етпеді.
Тұлпарын мініп, ауылдан шығып шеткері,
Жарықтық Жәкең жауына жалғыз беттеді.
Ақ тілек тілеп, шығарып салды Шекті елі.
Қаракесектің батыры Ақтан нар алып,
Барлық батырға қылушы еді ағалық.
Жауына шапса жолбарыс болып жаранып,
Басынан кетпей жүруші ед үлкен қара бұлт.
Жолшыбай Жәкең жолдас қып алды Ақтанды,
Жолдас қып алып,
Бабажан сартты бетке алды.
Қыстаубай батыр, Байқазақ пенен Дабылға,
Хабаршылары бұлардан бұрын аттанды.
«Сәрсенбі күні, сәскеде бізді күтсін» деп,
Батырларына жіберіп жатты ақпарды.
Қосылып алып қазақтың екі қыраны,
Қараңғы түсе бойына Сырдың құлады.
Ойпаңда жатқан қараша үйлі ауылға.
Тізгінін тартып, атының басын бұрады
Шеткі үйге келіп, көмескі жанған шырағы,
«Құдайы қонақ аласыз ба?» деп сұрады,
Жетпістердегі, ол үйден, бір шал шығады,
Жанқожа айтып тұр екен сонда мынаны:
– Жолаушы едік, келеміз ұзақ жол жүріп,
Атымыз қалды, өзіміз қалдық болдырып.
Алар ек тыным, қалар ек ұйқы қандырып,
Жіберсең, аға, үйіңе бір күн қондырып.
Сөйледі сонда әлгі үйден шыққан шал тұрып:
– Жолаушы болсаң, қанекей төрге өтіңдер,
Жайланып жатып, мейманым болып кетіңдер.
«Қырықтың бірі қыдыр-ды» деген бір сөз бар,
Қыдырым болсаң қорғаным болып бекіңдер!
Жолаушы болсаң, қырықтың бірі – Қыдыр-ды...
Онсыз да менің қор қылмақ жалғыз қызымды.
Онсыз да менің солдырмақ қызыл гүлімді...
Осыны айтып шал сорлы сонда мүдірді...
Мүдіріп болып қораға қарай жүгірді.
Қорада тұрған қара серкені әкеліп,
Жанқожа ердің алдына келіп жүгінді...
– Тәңірім құлақ салды ма екен зарыма,
Келдіңдер ме екен қыдырым болып бағыма?
Шырағым, қалмай өмірде қалған мағына,
Тәрк етіп бәрін,
Белімді бекем буып ем,
Кетуге лағып басымның ауған жағына.
Бабажан бектің өтті ғой жанға азары,
Болмақшы қызым бір күндік сарттың мазағы.
Құдайдың өзі жіберді ме екен сендерді,
Бізге де Һақтың түсті ме екен назары?
Зарыма Тәңір түрді ме екен құлағын?
Көрді ме екен көзімнің аққан бұлағын?
Үйімнен безіп кеткелі енді жатқанда,
Келдің бе екен қыдырым болып, шырағым?!
Жасаған ием аяды ма екен бұл құлын?
Көрді ме екен жылаған ғаріп мұңлығын?
Үйімнен безіп шыққалы енді тұрғанда,
Жеттің бе екен періштем болып, құлдығым?!
Бұл сөзді естіп Жәкеңнің қегі қайнады,
Сексеуіл шоғын аузына салып шайнады.
Қабағы ердің қара бұлт болып түнеріп,
Көзінің оты найзағай болып ойнады.
Есіне түсіп ертеңгі соғыс майданы,
Қылышын алып, қайраққа салып қайрады.
Келтірді көзге алмастан шыққан ұшқын от,
Жарқ ете қалып шағылған күнге айнаны.
Осылай Жәкең іспенен болып жатқанда,
Серкенің еті қазанда пісіп қайнады...
* * *
Қазынасын елдің арқалап жатқа тасыған,
Жатсынып өзін, жай алған жаудың қасынан.
Сатқынды көрдім санасы боқтай сасыған,
Мұрнымды бастым,
Жиіркеніп қаштым қасынан.
Мұрнымды бастым,
Жиіркеніп қаштым асығыс,
Санамнан шықпай харамнан жұққан сасық иіс.
Халқының арын арқалап жатқа тасығыш,
Сатқынды көрдім қылғаны ылғи пасық іс.
Билерді көрдім,
Халқының тонап қазынасын,
Ойламай елін, ойлаған жалғыз өз басын.
Басқаның сырын көзінен оқып үйренген,
Ұқпайтын бірақ қараша жұрттың көз жасын.
Билікті саған, тәңірдің өзі сыйласын,
Жетімді жұбат,
Көзінен аққан тый жасын!
Қараша үйге иілмей қойса би басың,
Қайтесің ұстап Аруана жұрттың бұйдасын?!
Хиуаға құл боп,
Қызметін қылып бүлкілдеп,
Еліне келіп шашады зәрін зіркілдеп.
Астыртын ақпар баратын еді Хиуаға,
Қыранша бір ер саңқ ете қалса: «Ұлтым!» деп.
Қыранның даусы жаңғырып кетсе алапаты ап,
Хиуаға хабар жететін еді заматта-ақ.
Талайды алдап шақырып алып сарайға,
Құс жастық тастап шәйі көрпе төсеп қабаттап.
Өрік пен мейіз, жүзімін төгіп алдына,
Ұсынып көк шай,
Тартатын палау табақтап.
Сарайда солай күтіліп «мейман» жатқанда,
Ұсынып көк шай,
Табақтап палау тартқанда;
Қап-қара сұлба атқора жаққа баратын,
«Жем бермек» болып қонақтар мінген аттарға.
Қас-қағым сәтте боялып у-ға ер-тұрман,
Айналып шыға келетін еді қақпанға.
Талайды солай сарайға алдап алдырып,
«Сияпат жасап» шығарып салды хан күліп.
Жете алмай елге нешеулер жолда көз жұмды,
Төтеннен келген «белгісіз» дертке шалдығып...
Тарпаң халықты айырмақ болып ұлтынан,
Зерттеді ұзақ білдірмей аңдып сыртынан.
Әуелі мешіт, соңынан жайлап қала сап,
Бойына Сырдың сиқырлы тұзақ құрды хан.
Тарпаң халықтың жақындап келіп қасына,
Кигізбек болды айламен ноқта басына.
Бекініс салып, бекініп әбден алғанша,
Көрсетпей тұрды құрығын көзден жасыра.
* * *
Сарттар салған қырдағы қамал тым асқақ,
Астамсып қарар күнәсін өзі растап.
Айдаһар сынды дуалдар шеңбер жасап ап,
Заһарын шашып даламды жатыр ыластап.
Ластанып емес, уланып жатыр осы аймақ,
(Есімі түссе шығады көзге жас ойнап...)
Қамалда жатыр мыңдаған Хиуа сарбазы,
Шеккені қорқор, ішкені көкнәр, масайрап.
Айдаһар уы таралып кетсе денеме,
Уланған дене келеге қайтып келе ме?
Әй, мені қойшы,
Жататын анау төбеде,
Не болар ұрпақ: шөбере, шөпшек, немене?
...Қамалдан шығып барады әне он атты,
Он атты – осы орнатқан елге тозақты.
Алдында Жаққыш!
(Қазақтан шыққан сатқын бұл),
Топ бастап талай өз елін жатқа тонатты.
Қарқылдап күліп баратты,
Бұлар білмейді,
Қараша үйге Қыдыр боп түскен Қонақты.
Астында бедеу, басында сеңсең шөгірме,
Қолында найза, байланған қылыш белінде.
Айымбет батыр қамалда әскербасы еді,
Теңі жоқ еді өзінің түркпен елінде.
Зерігіп бүгін қамалдан шықты ол-дағы,
Жаққышпен біраз бой жазып бірге келуге.
Ойпаңда жатқан ауылға бұлар беттеді,
Шөкелеп келед қараша үйді шеттегі.
Мүсәпір қарттың тартып ап қызын зорлықпен,
Бабажан бекке апарып табыс еткелі.
Топ бастап Жаққыш өз елін өзі жаулаған,
Хиуаның көңлін мың түрлі жолмен аулаған.
Інінен шығып, мөлиіп қарап тұратын,
Пошымы нағыз саршұнақ тышқан аумаған.
Бауыры тасқа, бүйрегі безге айналған,
Көрсетпей жолын тас қылып көзі байланған.
Сиқырдың күші сүйекке сіңіп кетіпті,
Дуадан басы жазылар ма екен?!
(Әй, қайдам?!)
Келеді топтың алдына түсіп тәштеңдеп,
Лепіріп қояд: «Хиуадан артық еш жер жоқ!
Батыстан орыс,
Шығыстан шүршіт жолатпас,
Хиуадан келген айбынды біздің әскер» деп.
Жаққышқа салсаң жәннаттың бағы Хиуада,
Хиуада бәрі:
Ынсап та, дін де, иба да.
Өзінде барды өзгеден іздеп телмірген,
Бұл Жаққыш өзі қай жақтан шыққан диуана?
Көлеңке іздеп сабылып жүрген осы елге,
Бұл Жаққыш өзін балайды үлкен көсемге.
Көлеңке жерде шуағы күннің түспейтін,
Тіріліп тілің,
Жанданып ділің өсер ме?
Топ бастап Жаққыш,
Желдіріп жорға күреңді,
Құйынша ұйтқып қараша үйге тірелді.
Қамшысын білеп таянып бүйірін шіренді,
Шіреніп келіп айқайға басып тұр енді:
– Ей, Мүсәпір,
Қызыңды ертіп далаға жылдам шық енді,
Бұл жерге бізді тақсырдың өзі жіберді.
Қараша үйді кетердей болып жапырып,
Өктемсіп сөйлеп, айқайға басты ақырып:
– Қызыңды ертіп сыртқа шық деймін кәпір ит!
Қараша үйдің сыртында тұрып он жендет,
Айғайға басты «қызыңды алып тез кел» деп.
Шел басып көзін, ісінген ісік кеуделер,
Жыртық үйдің де құдайы барын сезген жоқ!
Он жендет тұрды сыртында үйдің ақырып,
«Қызыңды алып тез шық» деп шалды шақырып.
....Күтпеген жерден қараша үйдің ішінен,
Лап етті сыртқа жолбарыс ерлер атылып!
Күтпеген жерден сорғалап ақты бір қыран,
Көжекті қуған түлкіге шеңгел батырып!
Оқ жылан болып атылып Жәкең қонды атқа,
Ысқырып, шапшып, тепсініп жетті он сартқа.
Білекте балта ұршықша ойнап зырлады,
Зәресі ұшып он жендет қашты жан-жаққа.
Он жендет үйрек, қырғи ма дерсің бір Атты,
Топалаң қылып бәрін де аттан құлатты.
Қылышын сілтеп үлгірмей қалды Айымбет,
Жұлып ап ерден оны да жерге сұлатты.
Сұлады түркпен орнынан қайта тұра алмай,
Қонжиды Жәкең шабыты буған қырандай.
Сабалап жерді селкілдер сеңсең шөгірме,
Бүркітке жем боп бүлкілдеп жатқан бір аңдай
Өң менен түстің арасындай болған сол сәтте,
Естілді ерге ап-анық дауыс мынандай
«Мына кездікпен шал!»,
Дәл сондай дауыс естілді.
Пайда боп қолда бір өткір кездік қосжүзді.
Шөгірмелі бастың алқымы қызыл түске енді,
Сексеуіл шоғын маздадып жаққан пеш – сынды.
Жаңағы дауыс қай жақтан бұған естілді,
Қай жақтан келді сиқырлы кездік қос жүзді.
Бұл қандай жұмбақ, бұл қандай тылсым,
біле алмай,
Аң-таң боп тұрды көре алмай батыр ешкімді.
Белдегі кездік кіседен әлі шықпапты,
Суырып көрсе бір тамшы қан да жұқпапты.
Бұл қандай дауыс,
бұл қандай кездік екенін,
Ерлердің ері өмірі бойы ұқпапты.
Хас батыр келді періштелер мұнда жол бастап,
Қарақшы келді сұмпайы сұмдар қолпаштап.
Қараша үйдің алдында бұлар кездесті,
Ізгілік пенен зұлымдық туын қолға ұстап.
Ізгілік туы даламды желпір жібектей,
Зұлымдық туы қап-қара түсті түнектей.
Қап-қара түсті қорлыққа көнбей тулаған,
Қазақтың һәрбір қараша үйі жүректей.
Періштелер келді түнекті нұрмен ысырып,
Ібіліс қашты шығынып,
жаны қысылып.
Ізгілік туын көтерген ердің еріне,
Тәңірдің өзі тұрды өткір кездік ұсынып.
Халықтың кегі атылды жанартау болып,
Жендеттер жатыр орылған десте, бау болып.
Түркіден шыққан түбіміз бірге бауыр едік,
Күтпеген жерден кеткенбіз қалай жау болып?
Минутке жетпей жендеттер қалды шашылып,
Әлгінде ғана тұр еді суша тасынып.
Өздері Һақты,
Аттары жерді танымай,
Ойрандап еді арымды таптап, басынып,
Тайраңдап еді жерімнің құтын қашырып.
Тұр еді Жаққыш қамшымен үйді сабалап,
Күтпеген жерден құлады құмға домалап.
Аяқ пен қолын арқанмен матап тастады,
Тепкілеп, теуіп өкіртіп біраз сабап ап.
Күтпеген жерден жанартау көкке атқылар,
Күтпеген жерден тауларды бір күш лақтырар.
Күтпеген жерден ажал да, бақ та, ырыс та,
Түйсікті пенде аржағын өзі топшылар.
Күтпеген жерден хандардың тақтан таюы,
Күтпеген жерден жалданып жарлы баюы.
Күтпеген жерден орманның қурап қалуы,
Күтпеген жерден өртеңнің өркен жаюы!
Сенуге болмас атаққа, даңққа, ақшаға,
Сүйеніп болмас Жаратқан Һақтан басқаға!
Күтпеген жерден момындар жетер мұратқа,
Күтпеген жерден ғаріптік келер патшаға!
Патшалар түгіл домалар таулар қаңбақша,
Нәубеті жетсе шағылар шыңдар жаңғақша!
Сұрапыл соқса домалап допша жөнелер,
Сүйеніп болмас Тәңірден басқа жартасқа!
СҮЙЕНЕР ШЫҢЫ Жәкемнің еді ЖАЛҒЫЗ ҺАҚ,
СОЛ ШЫҢНАН ғана іздейтін еді МӘҢГІ БАҚ!
Батырдың жанын ыластан, кірден, шайтаннан,
Тазалап тұрды сол ШЫҢНАН, аққан БАЛБҰЛАҚ!
Сыр – Ана бұрын батырды мұндай көрмеген,
Жауапқа тартып нәпсісін күнде тергеген.
Би менен байдың үйінен тағам татпайтын,
Ас ішпес еді келмесе маңдай терменен.
Шылауында болып, «Аллалап» атқа мінгенде ер,
Жәкемді қоршап тұратын еді шілтендер.
Қаһары келсе ғаламат дауыл соғатын,
Осылай бізге айтатын еді үлкендер.
Жайшылық кезде адамның Жәкең аққуы,
Күнәдан қашқан періште меңзес пәктігі.
Оқ жауып тұрған зұлматқа қарсы барса да,
Адасып кетер таба алмай қалып оқ мұны.
Шойыннан құйып қойғандай сұлу сом дене,
Өзгеше пішім, ала алмас ешкім тең келе.
Айбатты мұрты арқардың мүйізі тәрізді,
Құлақты орап, тірелген барып желкеге.
Ерекше қылып жаратқан ерді бір құдай,
Сарқырама сақал жарасқан жартас кеудеге!
Толғадым біраз тұлғасын ердің дәріптеп,
Қиялмен жүйткіп түу алыс жерге барып кеп.
Түгендеп жырмен шығайын қалған ерлерді,
Дөңбекши тұрсын қыз күтіп жатқан сарт бек.
Қырдағы қамал бұл жерге сексен шақырым,
Бабажан әлі ерлерден келген мақұрым.
Жиналар жері Сырдағы қалың дүт тоғай,
Сол жаққа қарай жылжыды ерлер ақырын.
Қадір мен Сәдір, Дабыл мен Шағырай төрт бабам*,
Жүрегі қайтып жалғанда жаудан қорықпаған.
Басқаға кетті сендердің Мәңгі Мекенің,
Айрылдым бүгін Дауқара мен Тақтадан!
Үшқұдық, Тамды, Бесқала* кетті басқаға,
Айыпты жандай алдында ардың сотталам.
Жалғаннан өтіп, жолықсақ Таңда Мақшарда,
Төрт бабам менің,
Білмеймін не деп ақталам?..
...Төртеуі түгел келіпті осы соғысқа,
Төрт қырлы найзам жарқ етті – жауға сақтаған!
(Қандасым қалды-ау айнадай көзі жаудырап,
Құмдарым қалды-ау бабалар бейітін бауырына ап.
Енесін аңсап боздаған жетім ботадай,
Еңсесі түсіп, езіліп қалды-ау тау жылап!)
Қаракесек Ақтан, Тілеулі, Жақып, Байқазақ,
Шулады ерлер «қазақтың жауы қайдалап».
Беласар, Мырза, Айдарқұл, Аманқожалар,
салса Алла сәтін жасын боп бүгін ойнамақ.
Садырбай батыр,
Барақтың ұлы Боранбай,
Ерлерім келді қылышын кекке қайрап ап.
Батырлар келіп жиылып жатты ел-елден,
Қыстаубай менен Тоғанас келді шөменнен.
Тыңдаушым, сәл-пәл сабыр қыл,
Келген ерлерді,
Түгендеп әлі бола алмай тұрмын өлеңмен.
* Дабыл, Қадыр, Садыр, Шағырай батырлар Дәуқара жерінде жатыр.
* Үшқұдық, Тамды, Бесқала, Дәуқара – Өзбекстанға қарап кеткен
байырғы қазақ жерлері.
Ішінде жүрген нардай боп өңшең ботаның,
Қызылбас келді бақыртып пілдей атанын.
Дәрменқұл ишан күбірлеп іштей тілеп жүр,
«Оңда, деп, Алла, ерлердің жорық сапарын».
Сәрсенбі күні сәскеде ерлер мінді атқа,
Бес жүздей сарбаз жылыстай берді қыр жаққа.
Тұрмастай болып тапталған қазақ рухы,
Жанартау болып атылып кетті бір уақта!
* * *
Бұл жердің әрбір бұтасы менен әр шөбі,
Тамырыменен келімсектерге қарсы еді.
Жатсынып өзін, сатылған жатқа сүмелек,
(Басқаны қойшы)
Шөптен-ақ үлгі алса еді.
Бұғы мүйізді сексеуілдер жүр топ-топ боп,
Мүйізін сілкер қамалды жарып өтпек боп.
Ерлерден қалмай қапталдап келед шұбырып,
Өлсе де разы өртеніп бүгін шоқ-шоқ боп.
Жантақтың өзі жаралап жауды кек алмақ,
Сондай-ақ болсын перзенті шөлдің адал нақ.
Жыландай болып иреңдеп жатқан қамалға,
Тікенін шашып, кірпі боп жантақ қадалмақ.
Гүлдерге дейін қуанып бүгін шаттанды,
Аяңдар гүлді, сәбилер олар пәк жанды.
Шаттанды гүлдер,
Қуанып алып ұшты олар,
Ерлерге еріп олар да жауға аттанды!
* * *
Қиқуға толып, жаңғырып кетті шартарап,
Батырлар барып қақпаны жатыр балталап.
Күрзідей ауыр соққыға шыдап тұра алмай,
Гүрс етіп қақпа құлады ішке шалқалап.
«Аллалап» Жәкең айқайға қатты басқанда,
Күн күркіреді,
Найзағай ойнады аспанда.
Батырдың даусы жаңғырып көктен естілді,
Күркіреп аспан аузынан жалын шашқанда.
Бір қара дауыл қанатын қағып жетті ұшып,
Қамалға төнді өн бойын дүлей кек қысып.
Көтеріп дауыл қақпаны атып жіберді,
Қираған қақпа жүз қадам жерге кетті ұшып.
Дауылмен бірге аспанды қаптап бір түнек,
Қайшылап аузын қаһарын төкті күркіреп.
Жағадан алды ошағын жаудың сілкілеп,
Сарттар қашты бүркітті көрген түлкі боп.
Ерлердің легі жалынша ойнап, жарқ етіп,
Қамалға кіріп, түкпірге барлық алды өтіп.
Кеудеден шығып, көкке ұшып жатты қанша жан,
Топырақ құшып құлаған тәнді тәрк етіп.
Ойран сап жауға ортада батыр Ақтан жүр,
Қазағы үшін ажалға барар мәрт жан бұл.
Қаншама дұшпан жазасын алды дәл бүгін,
Жетпіске таяп шау тартып қалған қарттан бұл.
Қызылбас палуан мініп ап пілдей атанға,
Қиратып жауды шөп құрлы көрмей таптап жүр.
Қырқысып жатыр Түркінің екі тармағы,
Бір тамыр еді екі тармақтың аржағы.
Абылды Қабыл өлтірген сәттен бастап-ақ,
Бұл мінез өзі бар нәрсе еді қандағы.
О, Адам ұлы,
Тыныштық саған бермей жүр,
Озали бастан қандағы бардың зардабы!
Қандағы бардың салдары шығар, кім білсін,
Алаштың ары – аруға салық салғаны.
Қиянат түлкі жеп қойған кезде шыдамды,
Жіберер Алла Намыс дейтұғын қыранды.
Намыс дейтұғын Тәңірден келген сол бір құс,
Дабыл батырдың бетіне түгін шығарды,
Беласар ерге сегіз сартты шаныштыртты...
Қыраны түлкі ап,
Тарқатты қазақ құмарды.
...Бабажан бектің дегбірі қалмай сасуда,
Байқады анық шапқанын істің насырға.
Қорада тұрған қара тұлпар атқа ер салды,
Бекінді жылдам қамалдан шығып қашуға.
Көріктей кеуде, мойылдай көзді, сүмбіл жал,
Түнектей қара, хайуаннан дара бұл бір мал.
Қараңғы үйде сүт ішіп тұрды, сұлы жеп,
Қанатты қара ат аталып кеткен бұл тұлпар.
Құндыздай құйрық – сұлудың қолаң шашындай,
Әр талы інжу – айтатын болсам асырмай.
Тепкілеп жерді күй тартып тұрған төрт тұяқ,
Сұлтаны Уәйіс тауының мәрмәр тасындай!
Миянкөл жақтан алдырған құлын шағында,
Тайы жоқ еді Әмудің екі жағында.
Жаратып әбден қалдырмай терін алдырған,
Мейіздей қатып тұр еді тұлпар бабында.
Хорезм жұрты қара аттың қанық даңқына,
Дабысы жеткен Самарқан, Бұқар халқына.
...Он екі жасар баласын ерге мінгізіп,
Бабажан өзі мінгесе берді артына.
Қара тұлпар ат қанатты десе, қанатты,
Жебедей ұшып, қамалдан қарғып баратты...
Жалма-жан Жәкең найзамен шаншып үлгерді,
Шапшытып көкке астына мінген ақ атты.
Кірш етті найза жамбастың майлы етіне,
Борсықтай дене құлады жерге өкіре.
Үстінде бала, қара тұлпар ат кетті аман,
Дүрс етті барып дуалдың арғы бетіне...
Бабажан бектің мойнына арқан салды да,
Әкелді сүйреп жамағат, жұрттың алдына.
Сұрады батыр:
– Уа, жамағат, бұл малғұн,
Малыңды қойып, қызыңа салық салды ма?
«Салды ма?» деді,
«Салды» деп халық шулады.
Дәл мұндай қорлық көрген жоқ еді туғалы.
Денесі бектің арқанмен шандып тасталған,
Жылымға түскен шортанша шапшып тулады.
Арқадан басып, етбеттен жерге жатқызды,
Қызыл жыңғылдан үшкірлеп қазық шапқызды.
Дәу балға беріп білегі жуан жігітке,
Шыңғыртып қойып
құйрықтан дәлдеп қаққызды.
Білекті жігіт құлашын керіп қаққанда,
Шыңғырды қатты, қоянша түскен қақпанға.
Көбелек болып ұшты да кетті содан соң,
Жаһаннам жақта лапылдап жанған оттарға...
* * *
Қойма аузын аңқайтты...
Құсты лоқ-лоқ «қан»
Тау болып лезде үйіліп қалды қап-қап дән.
Олжаның бәрін ортаға әкеп үйдірді,
Төрт түлік малды әкелді айдап төрт жақтан.
Қамалдың іші шарбазар* болды бесінде,
Таратты олжа ғаріпке, жетім-жесірге.
Өтсе де сан жыл,
Жәкеңнің осы кесімі,
Нұрындай күннің өшпей тұр елдің есінде.
Тұтқынды түскен бөлдірді Жәкең екіге,
Кетпен ұстаған дихандар қауымын қайтарды.
Азығын беріп жететін екі жетіге.
Қылыш ұстаған қарақшы топты ап қалып,
Құлағын тіліп салдырды қойдың көтіне!
Орындап Жәкең Жаратқан Һақтың бұйрығын,
Қазыққа қақты Бабажан бектің құйрығын.
Тәңірден ғана күш-қуат алған ер еді,
Тәрк еткен еді жалғанның жалған сыйлығын.
* Шарбазар – шартараптан керуендер келіп жататын базар. Қазіргі
тілмен айтқанда әмбебап базар.
Ортаға түскен олжаға назар салмастан
Ақирет жолын ойлаудан бір сәт танбастын
Аққудай кісі жайнамаз үстін айдын ғып,
Оқыды намаз сәждеден басын алмастан.
* * *
Айтпақшы...
Қара атқа мінген балаға әлгі не болды?
Қара тұлпар ат жұлдыздай ағып жөнелді.
Ізінен қуып жете алмай қалды ер Ақтан,
Тізгінді тартып дарияға барып бөгелді.
Жарауы жетіп тұр екен қара ат бабында,
Ақтан батырды келтірмей найза салымға,
Араны ашып, зымырап оқтай жануар,
«Күмп» етті барып, көлденең жатқан ағынға.
Бұғы мүйізді сексеуілдердің табынын,
Қақ жарып өтіп,
Күшейтті дария ағынын.
Ағыннан қара ат жыланша суси жөнелді,
Елеген де жоқ шулаған судың сарынын.
Дарияда қара ат жыланша суси жүзді де,
Жағаға шықты,
тұяғы мықтап түзді іле.
Шұбалтып шаңын түтінше көкке тізді де,
Қап-қара ноқат...
Қарасын көзден үзді де...
Хиуаға қарай жүйткіді желше үздіге.
ІІ-бөлім
Төбеттер сезген тылсым
немесе
аруақтар жұмсаған әйел туралы хикая
Жақын маңай Бұқара қаласына,
Батыр келді тәжіктің арасына,
Еріккеннен келген жоқ жат өлкеге,
Сыймай келді өзінің даласына.
Дала жатыр аспанын бұлт қаптаған,
Күн қамақта,– құтқарар кілт таппаған,
Алақанға ауылы сала алған жоқ,
Қайран біздің батырды ұлт мақтаған.
Соқыр сана алдамшы түске алданды,
Ұлт ұлықтар кісіні іштен шалды –
Жалаң аяқ жарлыға тараттың деп,
Қамалынан сарттың түскен малды.
Бағасы артып бақырдың асты бағы,
Табандарға сап алтын басқыланды ,
Десек-тағы бәрібір өлексеге,
Үйрете алмас құзғындар хас қыранды.
Қылыш сілтеп туысты жасқамады
Найза ұстап бір сойқан бастамады
Көшіп кетті бір түнде Бұқараға
Қара атанға артты да баспананы.
Қызыл іші алапат өртке ұқсаған,
Құмға біреу тәрізді от тастаған.
Алма-кезек басылып барады отқа,
Қара атанның табаны – төрт тостаған.
«От теңізін» тобықтан кешіп өтіп,
Бұқараға таяды көші жетіп.
Аялдады тәжіктің қышлағына,
Осы өңірдің тұз-дәмі несіп етіп.
Кебежеге салды да бар қаруды,
Ойлады жер бір байдан жалға алуды.
Ас ішетін адалдан асылым-ай,
Ойлаған жоқ жер егіп мал табуды.
Біздердей боп білген жоқ «арлануды»,
Жеңіл жолмен жылмаңдап мал табуды.
Былғанған жоқ жалғанның қоқысына,
Ақ жаңбырға шомылған тау тәрізді.
Шектеспейтін ешкіммен шегарасы,
Болды жалға бір байдан жер аласы,
Құмаршақ* жоқ өлкеде
Қыстың қамын
Ойлағанның қалайша бар оғашы?
Үркер құмға құлаған мезгіл еді,
Кетпен шауып жүр енді ердің ері.
Дала жатыр «аһылап» аласұрып,
Сыймай қалып өзіне өз жүрегі.
Жанарынан жарқ етті от төгіле,
Күннің нұры шағылды кетпеніне.
Әуелі аққа,
Содан соң сүйенді ер,
Маңдайынан төгілген тек теріне.
* Құмаршақ – дәнді өсімдік.
Жүрді солай тұлпарша бой жасырып,
Кім екенін білдірмей айла асырып,
Қарапайым жәй қазақ болғанымен,
Ердің түсі көрінді байға суық.
Күндер жылжып судай бір өте берді,
Күз кеп, егін жинап жүр Жәкең енді.
Әзер шыдап жүргенін сезеді іші,
Бала-шаға жатсынып бөтен елді.
Хабар алып жеткендей алты әлімнен,
Тырна қайтты үнінен зар төгілген,
Елі түсіп есіне естияр ұл,
Көкке қарап күрсінді қамкөңілмен.
Қайтты батыр бір күні қырман жақтан,
Кешкі мезгіл қызарып күн дәл батқан.
Салып ұрып төрт атты келе жатты,
Сонау жатқан сап-сары құмдар жақтан.
Жолаушының нақ саны – дәл төрт атты,
Батыр үйі олардың алған бағыты.
Астындағы аттары «қансорпа» боп,
Титықтапты апталық жолдан қатты.
Бұл төртеудің батырға бауыр бәрі,
Сырдың қайтпас жаужүрек дәу ұлдары.
«Аяғына жығылып ап келің» деп,
Жіберіпті қариялар ауылдағы.
Содан жолға шығыпты бұл қазақтар,
Қансорпа боп өтіпті құмнан аттар.
Бұл төртеудің ішінде өр мінезді,
Етжақыны батырдың Құлбарақ бар.
Оқ бұршақша төпелеп жатса да алдан,
Жау қолына жолдасын тастамаған.
Қанды көйлек Жәкеңнің жолдастары,
Еді бұлар ерекше басқалардан.
Інілерін көргенде ең сенімді,
Көңіл мұзы көктемгі сеңше еріді.
Қоңыр үйдің ішіне ер жігіттер,
Сырдың қоңыр самалын ерте кірді.
...Ерте кірді – сірескен сең сөгілді,
Сең сөгілді – жүректен шер төгілді.
Жүрек үшін таласып ақырында,
Шаттық жеңді – қайғы-мұң кері шегінді.
Қоңыр үйдің шиі де, ағашы да,
Аумай тартқан алаштың даласына.
Оюланған түскиіз құлпырады,
Орын бермей парсының паласына.
Күбі, піспек... тері көнек, ағаш ожау,
Одан төмен қайқыбел қара сабау...
Бәрі-бәрі халқымның қолтаңбасы –
Босағаға төселген алаша анау.
Домбыраға салғанда саусақ «аттан»,
Күй түмені дүркіреп заулап аққан.
Даңғарасын Бұхардың жолатпапты,
Ұлт батыры секілді жауға шапқан.
Отанынан айырылған тұл жетімді,
Бауырына алып нұр төккен күн секілді.
Жатқа бауырын тастамас ер жігітке,
Қызмет қылсам өкінбен құл секілді.
Ойына да кірмейтін өз бас қамы
Аққа күйе жағылса төзбес жаны
Не сөйлесе, сөйлейтін кесіп-пішіп
Өжет мінез Құлбарақ сөз бастады:
– Үйді жығып ертемен жинал, батыр,
Жат өлкеде жалғыз үй қиналма құр.
Елді ойлайтын еркек аз бұл заманда,
Қалың елің қапыда бейғам жатыр.
Орыс, Хиуа қысып тұр қос бүйірден,
Жұдырықтай жұртың жоқ тас түйілген.
Ел сайламай, жау сайлап қойғаннан соң,
Қайран болмай қалды ғой еш биіңнен.
Бір жағыңнан Қоқан тұр жалаң қағып,
Топырағыңды тонады қамал салып,
Үш жүзіңді ортаға ап үш жағынан,
Таптап жатыр жаныштап табанға алып.
Үш жүзіңнің баласын үш қабылан,
Ортаға алып талауда үш жағынан,
Өзің атқа қонбасаң ел-жұртыңды,
Кім құтқарар дұшпанның қыспағынан.
Күшігендер құтырды елді тонап,
Жатқа жалбаң қағады қол бұлғалап,
Лапылдаған үш оттың арасында,
Бейғам жатыр ұйқыда сорлы қазақ.
Ақтарылды осылай ер Құлбарақ,
Көкірегінен бір сәтке шер-мұң тарап.
Құлбарақтың сөзіне сәл тұнжырап,
Отырды да «саңқ» етіп өр Мұзбалақ:
– Жә, көрерміз, тәңірдің таңы атсын! – деп,
Қысқа ғана қайырып берді жауап.
Баймен есеп айырысты ертесіне,
Қом салынды қара атан өркешіне.
Бала-шаға қуанып алып ұшты,
Ынтызар боп туылған өлкесіне.
Дайын тұрды жиналып жүргелі топ,
Батыр ғана атына мінбеді тек.
– Ат шалдырып асықпай жүремін, – деп,
Басқаларды оздырды ілгерірек.
Басқаларды алдыға аттандырып,
Жалғыз жүріп келеді ат шалдырып,
Төрт бауыры бас болған көш қозғалып,
Озып кетті алдыға жортқан суыт.
Жалғыз жүріп келеді жолды бойлап,
Үш жағынан таланған елді ойлап,
Бір жағы Әмудария, бір жағы құм,
Бөлінетін екіге зор бұл аймақ.
Жол шетінде көрінді төрт қора қой,
Өте берді мән беріп көп қарамай,
Қой шетінен «абалап» үріп шықты,
Төрт төбеті тәжіктің – төрт танадай.
Тайыншадай төрт төбет қора бағар,
Қасқыр түгіл, әрбірі адам алар.
Бұлғаңдатып құйрығын тұрды еркелеп,
Үзеңгісін батырдың жалап олар.
– Ойбай ана сорлыны ит талады
– Пырым-пырым қылды ғой бишараны
– Бұтын-бұт, қолын-қол ғып тастамасын
– Жүгір әлі тірі екен, құтқар оны!
Атып шықты төрт тәжік күркесінен,
Иттің дауысын естіп іргесінен.
Таң қалысып бұл ғажап көрініске,
Төртеуі де айырылды мүлде есінен.
Өріп қойған сақалын бұрымдай ғып,
Өр кеудесі құз жартас шыңындай тік,
Ат үстінде отырды алып кісі,
Төрт төбетке мән беріп бұрылмай түк.
Алыстағы қыратқа көзін қадап,
Ат үстінде қыранша отыр қазақ,
Еркелеп кеп төбеттер екі жақтан,
Етігінің қонышын жатыр жалап.
Құйрықтарын біресе бұлғаңдатып,
Тәу еткендей болады жылдам жатып,
Состиысып төрт қойшы тұрып қалды,
Төрт ескерткіш секілді тұрған қатып.
Жолаушының алдынан көлденеңдеп,
Бөгей берді төрт төбет жолды еркелеп,
Жалынғандай телміріп қарасады,
Көздерімен сөйлеп тұр «сәл бөгел» деп.
Сөзбен емес сөйлеп тұр сезімменен,
Тілмен емес, айтып тұр көзіменен.
Жолаушының бойынан жолдан өткен,
Қандай қасиет төбеттер сезінді екен.
Ырымшылдау халық қой тәжік деген,
Ғұмырына ырымы бағыт берген.
Тәжім етіп иіле бастады енді,
Қыдыр ата шығар деп «лағып» келген.
Қыдыр емес, Қыдырдан кем де емес,
Жаратылған ұқсамай пендеге еш,
Өмір бойы сақтанып ібілісті,
Өн бойына жолатып көрген емес.
Шала-шарпы төрт тәжік түркішелеп,
Дәм ұсынып Жәкеңді іркіп әлек,
Бата тілеп қол жайып үңілуде,
Жолаушының жүзіне нұр мүбәрек.
Жалғандыққа жасынан жаны қас жан,
Харам жемес қатса да тәні аштан.
Жанқожадай жалғанда батыр бар ма,
Ең әуелі өзіне соғыс ашқан.
Соғыс ашқан өзінің нәпсісіне,
Кәміл сеніп сүйенген ақ күшіне.
Өз нәпсісін жазалап өзі өлтіріп,
Ар алдында айналған пәк кісіге.
Шын ниетпен ұсынған адал асқа,
Шарасы жоқ батырдың қарамасқа,
Аял қылып азғана мейман болды,
Қара талдан соғылған қара қосқа.
Қара қосқа іркілді азғана сәт,
Дереу лаулай жөнелді маздап ошақ,
Құда күтіп жатқандай әрі-бері,
Жүгіруде төрт тәжік мәз бола шат.
Не көрді екен төрт төбет, не білді екен,
Не сезді екен түйсікпен, сезімменен.
Арыстанын батырдың көрді ме екен,
Еш пенденің көзіне көрінбеген.
Періштелер сәуле боп көктен жерге,
Қанатынан нұр саулап жеткен кезде.
Жердің жүзін айналып шарлап жүріп,
Қонады екен ең таза пәк кеудеге.
Қанатының ұшынан нұр тамшылап,
Пәк кеудеге жағады нұрдан шырақ.
Нұры жанған кеудеге бас сұға алмай,
Үрейі ұшып қашады жын қалтырап.
Ата-баба аруағы тек саналы,
Нұры жанған пендеге кеп қонады,
Кеудесінде нұры бар жан таппаса,
Ұлт рухы зым-қайым жоқ болады.
Ұлылардың өлмейді ұлы рухы,
Биіктерге көздейді ту ілуді.
Көкірегінің нұры бар жан бар кезде,
Ұлттың туы білмейді жығылуды.
Нұры жанған жан еді біздің Жәкең,
Ғибадаты Аллаға жүз құлға тең.
Нұр шырақ боп түнекте қылдырмаған,
Қалың елін қап-қара құзғынға жем.
Періштелер кеудесін мекендеген,
Пәк жаралған жан еді Жәкең деген.
Әзіреті Әли болмаса мұндай ерді,
Жер бетіне еш ана әкелмеген.
Жайнамаздан бес уақыт бас алмаған,
Іс қылмаған жасырын таса Алладан.
Үзір сұрап үздіксіз Жаратқаннан,
Күпірлікті көңілі хош алмаған.
Ишандарша тілеген ақтан медет,
Кетсе де өліп күтпеген жаттан көмек.
Илаһида күшке ие еді батыр,
Жаратылған адами заттан бөлек.
Жетегіне ап ерендер ердің атын,
Келе жатты орындап жол мұратын.
Шапан киген шұғыладан шілтендерді,
Төрт төбеті тәжіктің көрді бәлкім?!
Ғайып ерен қырық шілтен демеп ерді,
Шылауында боп қоршалап келе берді.
Тәжіктердің мекені артта қалып,
Бұхараның шөліне ене берді.
Артта қалды тәжіктің кіл қышлағы,
Шөлде жалғыз келеді жылжып-тағы.
Бұхараның шөлі деп аталғанмен,
Қызылқұмның кәдімгі бір пұшпағы.
Көшіп-қонған қазақтар бұл құмдарда,
Шежіресі өтеді мың жылдан да.
Бекініс қып сан рет бұл құмдарды,
Жоқ болудан сақтапты ұлтымды Алла.
Жалғыз жүріп келеді жайлап батыр,
Бұхараға тірелген аймақта бұл.
Өркеш-өркеш құмдардың әрбірінде,
Өз халқының тарихы сайрап жатыр.
Әйтеке би, Жалаңтөс баһадүрлар,
Ақ бата алған қария ата құмдар,
Құшақ жайып қарсы алды өз баласын,
Күтіп жатып оралар сапарын дәл.
Тәжіктерін өзбек қып жаздырды да,
Шайтан сөзбен қазағын азғырды да,
Өзбек көкем ап қойды бұл өлкені,
Тақиясын кигізіп таз құмына.
Жалаңтөстей батырдың рухына,
Жәкең үшін зор парыз қылу дұға.
Сауыт сыймай қойыпты кеудесіне,
Басы сыймай өтіпті дулығаға.
Иран менен Жоңғарды қатар жеңіп,
Жүз мың қолмен жасапты топан жорық.
Мойындамай Тұранды тұра алмапты,
Жалаңтөстің жеңісін жаһан көріп.
Жалаң төсін жалтармай оққа тосқан,
Мәрт Жалаңтөс батыр да өтті Алаштан,
Баурап алды Жәкеңді ұлы құмдар,
Ұлт тарихы тәрізді тасқа басқан.
Әйтеке би киелі әулием-ау,
Әділдігі алашқа әйгілі еді-ау,
Алаламай ешкімді тура сөйлер,
Аласара алмайтын тау би еді-ау.
Ұлыларды еске алып біздің Жәкең,
Сыр шертісіп келеді сұр құмдармен,
Сол ерлердің тұсында-ақ басымыздан,
Өтіп кеткен екен деп шіркін дәурен.
Келе-келе түйелер толы құмға,
Жиі-жиі жол бойы жолығуда.
Бір әйелдің тұрғанын көзі шалды,
Биіктегі бабалар қорымында.
Жылдам басып ол әйел төмен түсті,
Сәлем берді кісіге кемел күшті.
Ақтарыла жөнелді содан кейін,
Сеңше ерітіп іштегі шемен – мұзды.
– Сіз боларсыз әлімнің Жанқожасы,
Өтеді деп Сізді аға маңнан осы.
Аян беріп хабардар қылып қойған,
Аруақтардың бізді анық алдамасы.
Бір перзентке зар болған мұңлық едім,
Ата-ана мен туыстан тұлдыр едім.
Бұғауынан қайғының босана алмай,
Азап-ақырет шегуде құл жүрегім.
Күндестерім табалап қажап сөзбен,
Жан-жарамды тілгілеп азап берген.
Қарғыс алған қатын деп топшылап жүр,
Отырғандай тілдесіп Жаратқанмен.
Мен келін боп түскелі он жыл болды,
Ағаш-екеш ағаш та он гүлдеді.
Бұл азапқа шыдамай ақырында,
Өзіме-өзім қол салып өлігім келді.
Күндестерім табалап күн бермеді,
Қара ермеген қу бас деп тілдер мені.
Сосын зират басына жылап келдім,
Күнде өлгенше құм қауып мүлде өлгелі.
Ағыл-тегіл еңіреп жылап жатып,
Тас боп ұйықтап қалыппын сілем қатып.
Аян берді сәлделі алып қария,
Таң бозарып атқанда құландатып.
«Жұма күні бесінде маңнан осы,
Өтер балам әлімнің Жанқожасы.
Қызыр тектес кісі ол пәк жаралған,
Тең келе алмас жаһанда жан баласы.
Жұма күні бесінде Жанқожа ер,
Қапы қалма тап осы маңнан өтер.
Ақ бата алсаң кетесің өсіп-өніп,
Мал семізін дайындап қамдана бер».
Деді осылай ап-анық шегелеп нақ,
Ақ киімді сәлделі денелі ақ қарт.
Осы сәтте оянып көзімді ашсам,
Таң бозарып енді атып келеді аппақ.
Көкірегіме атқан таң үміт жақты,
Үйге қарай асықтым жүріп қатты.
Мал семізін таңдадым,
Күндестерім,
«Есі ауысқан екен» деп күліп бақты.
Біздің ауыл ішінде мына құмның,
Сексендегі қарт енем қызы әлімнің.
Үйімізден дәм татып батыр аға,
Сыбағалы малыңа дұға қылғын!
Сіз Жанқожа шығарсыз расымен,
Һаққа жылап, әруаққа сыр ашып ем.
Аян берді перзентті боласың деп,
Жанқожадай батырдың дұғасымен.
Осыны айтып еңіреп қоя берді,
Запыран жүзін көз жасы шая берді.
Аттың басын ауылға қарай бұрды,
Ер жүрегі байғұсты аяп енді.
Біздің Жәкең күшке ие ерендерше,
Бір толқыса, шын толқыр терең көлше.
Айтып өтті бұл әйел ұзақ жасап,
Кереметін батырдың өле-өлгенше.
Алты ұлды боп Жәкеңнің дұғасымен,
Өсіп-өнді бұл әйел расымен.
Жаратушым тілегін қабыл алар,
Пенделер бар жалғанда күнәсі кем.
Көкірегі қоқыстан, кірден ада,
Есік ашқан жүрегі нұрға ғана.
Аласара алмайтын бұл жалғанда,
Оқшау тұрған ұқсайды шыңға дара.
Жүз елу жыл өмірден ер өткелі,
Жер-бесікке ел-ана бөлепті оны.
Адам түгіл аруағы маңындағы,
Аң-құсты да қорғаштап жебеп келді.
Қызылқұмда – бабаның қабірінде,
Халық түнеп келеді әлі күнге.
Ердің жаны соғады дауыл болып,
Жер астына кетсе де тәні мүлде.
Ердің жаны қызылда жел боп есер,
Қызылға кел көңілің сенбесе егер.
Жел боп есіп бұлттарды қуып келер,
Құмда қалып бір міскін шөлдесе егер.
Шөлдегенге бұлтты айдап келер желше,
Желеп-жебер мүскінді ерендерше.
Байланысқан ғарышпен ер бесігі,
Ай қондырған төсіне терең көлше.
Дауыл болып атаның соқса жаны,
Жын патшасын қуалап тастағаны.
Шөліркеген құмдардың езуіне,
Су әкеліп тамыза бастағаны.
Әлі тірі атаның дауыл жаны,
Дауыл соқса онда оның «ауырғаны».
Қаһарланып, қуалап қыр асырып,
Тастағаны шындықтың жауын тағы.
Дауыл болып, жел болып құм кезеді,
Қысқа күнде ғаріпті жүз жебеді.
Дауыл – оның тұлпары, жел – жорғасы,
Қос ат мініп әділет іздегені.
Дауыл мен жел атаның жетегінде,
Кезек-кезек мінеді екеуін де.
Кейде жүйткіп жүреді, кейде желіп,
Қызылқұмда – мәңгілік мекенінде.
Қызыр болып жүреді кезіп құмды,
Көкірегіңнен қояды сезіп мұңды.
Талай ғаріп бұл жарық дүниеден,
Енді үмітін үзгенде кезіктірді.
Әлгі әйелдің үміті үзілгенде,
Бұл өмірден жүз бұрып түңілгенде.
Ғайыптан кеп құтқарып қалғаннан соң,
Бұл кісіні хақым бар қызыр деуге.
Бата алған соң марқайды мұңлық жаны,
Ер тілегін Тәңірі бұлжытпады.
Алтын құмдар ішінде қызыр болып,
Жалғыз жүріп келеді жылжып тағы.
Ат тұяғы кешуде шеге құмды,
Сексеуілдер жабырқау неге мұңлы?!
Әлде намыс көре ме өз-өзіне,
Ел шетінен аулақта көгеруді.
Кейде өртенген құмдардың жүзін көріп,
Аялдайды атына тыным беріп.
Атамекен өлкесін келімсектен,
Құтқаруға барады қызыр болып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter