Өлеңдер ✍️
Тоқсан басты айдаһар Тарбағатай...
Тоқсан басты айдаһар Тарбағатай,
Бір қыз жұтып қайттың ба қаһарыңнан.
Сол қызды қайта қүссаң әлдеқалай,
Мен уланып өлер ем зәһарыңнан.
Өлмес едім, табар ем жанға дауа-ай,
Тірілер ем мен оның нұрыменен.
Тоқсан басты айдаһар Тарбағатай,
Қайта құссаң сол қызды шыныменен.
Тоқсан мың жыл жасаған тау-киелім,
Келді міскін алыстан бауырыңа.
Ақ батасын күткендей әулиенің,
Жаутаң қағып қараймын ауызыңа.
Лебізіңді аңсап түр шашылған дүр,
Жалықпайды жүзіңе жаутаңдаудан.
Артық көрер ол міскін тасыңды әрбір,
Әлемдегі ең асыл жауһарлардан.
Мүсіркеуге лайық келді міскін,
Сараңдықпен сен оны қинама тек.
Жабырқаған жанына бергін ұшқын,
Ұшқын тілеп келіп тұр диуана боп.
Мүсіркей гөр, аяй көр міскініңді,
Тоқсан мың жыл жасаған тау-қария.
Сақина қып лап еткен ұшқыныңды,
Тағып жібер міскіннің саусағына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter