Өлеңдер ✍️
Қыш кірпіші қат болатын ауылда...
Қыш кірпіші қат болатын ауылда,
Қала алыс көлік жалдап баруға.
Қыш дуалын сатып алдым көршінің,
Өзіңе арнап төртқүлақ там салуға.
Қызыл кірпіш отыз қатар өрілген,
Тістей бүтін бір жері жоқ желінген.
Айшық шықты сол дуалдың ішінен,
Аппақ сүттей соғылған ақ темірден.
Айшық шықты жаңа туған сияқты ай,
Ақ темірден қиылыпты қияқтай.
Қызыл кірпіш арасынан жарқ етті,
Тасқа тиіп сәуле шашқан тұяқтай.
Мекен етіп «Әйімбет ишан» қорымын,
Жатсың Ана,
Құтты болсын орының,
Һақ бұйыртқан төбеңдегі айшықты,
Иманыңның ақтығына жорыдым.
Иман туын таза аппақ көңілмен,
Көтерумен,
Өтіп едің өмірден,
Тәңір Сенің ай сыйлады басыңа,
Аппақ сүттей соғылған ақ темірден.
Босап шығып бескүншілік «тұсаудан»,
Көкке кетіп,
Құтылдың ба құсаңнан.
Ай бейнеңді аңсауменен өтермін,
Көк бөріше айға қарап күш алған
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter