Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  108


Автор: Мақсат Әлсейітов

Есілдің бойын қаптаған аққудай сұңғақ сарайлар...

Есілдің бойын қаптаған аққудай сұңғақ сарайлар,
Ақын боп кетсін жүрегің тебіреніп бір сәт қарай қал!
Аққудай сұңғақ ақ қала, басыма қонған бақ қой бұл,
Абылай бабам армандап,
көре алмай кеткен Абайлар.
Аққудай сұңғақ ақ қала, сүйемін Сені өртене
Өртене сүйген жүректен сөйлейін енді шер төге...
Қауырсыныңды нұр болып
төбеңде сүйіп тұр ма екен,
Атылып айға мерт болған арыстан бабам ер Кене.
Айдары алтын Ұлсың Сен, көркіңе әлем қараған,
Айдарын алтын тарақпен сәулесі күннің тараған.
(Алпыс екі тамырыңды иітіп енді дала – анам,
Ақ уызыңды аяма айдары алтын баладан).
Иітіп ұлы омырауын ұсынса дала ақ уыз,
Кекіліңді күнге сүйдіріп, тартынбай одан қанып іш!
Ананың ғана сүтімен буының қатып бекісін,
Ананың ғана сүтінен табылар саған бақ-ырыс.
Бәйтерегіңнің тамыры басталып сонау ғұн, сақтан,
Жапырағы зеңгір аспанға
арманын айтып тіл қатқан.
Алыптар шықпай қоймайды
таласқан биік таулармен,
Туылған алтын құрсақтан ғұн,
сақтан қалған ұрпақтан.
Көшеңе кірдім, Көріктім,
кеудемнен тамып жыр моншақ,
Көркіңе сенің күллі әлем
таңдайын қағар күнді аңсап,
Домбыра дала төсіне қос ішек болған ғұн мен сақ,
Күмбірлеп Сенің көшеңнен
күй болып шығар күнді аңсап!
Домбыра дала пернесін саусақтай
жүйткіп дөп басқан,
Сақтардың сазын сағынып
селдетіп жасын төкті аспан.
Парақтап әрбір көшеңді тебіреніп әлем оқысын,
Телегей көздің жасымен жазылған теңі жоқ дастан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу