Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  93


Автор: Қадыр Әлімқұлов

О, Əйел!

Сезгем,
Білгем,
Содан бірден түсінгем:
Ноқталайсың əр еркекті ісінген.
Қисыныңның бəрі қате…
Сен – ақсың,
Əйел болып жаралғаның үшін де!
Кезіксең де кімге қандай пішінде,
Табиғаттың тағылымы күшінде:
Нəзіктігің – аңыз…
Бірақ күштісің,
Əйел болып жаралғаның үшін де!
Жалпы, қиын,
Тауып айту пəлен деп,
Əйел деген –
Сөз анасы – сəлемдей.
Қырқыстырып қоя алсаң да…
Жер жүзін,
Адамзаттың Анасысың əлемде!
Бəрі мəнді:
Сөзің,
Көзің,
Əрің де,
Сен ауыртсаң,
Ем болмайды дəрің де.
Қабырғадан жаралып-ақ қисайған,
Жіптіктей ғып жібересің бəрін де!
Құдірет те бола алатын,
Қаласа,
Күң де болар –
Құлыңнан да аласа.
О, Əйел-ай,
Жұмбақсың ғой жауапсыз,
Өзің жоқта келіспейді-ау хəл аса?!
Өзің жоқта қай еркек те кембағыл,
Қарындасым,
Анам,
Қызым,
Жеңге,
Жар!
Кімді-дағы жалғыз сөзбен бүлдіріп,
Жалғыз сөзбен күлдіретін Сен ғана!
Кереметсің!
Əзер-əзер түсінген,
Бір сиқыр бар Сенің əрбір ісіңде.
Қисыныңның бəрі қате…
Сен – ақсың,
Əйел болып жаралғаның үшін де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу