Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  121


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Тырналар қайтып жатыр мекеніне...

Тырналар қайтып жатыр мекеніне,
Сарғайған сағыныш-күз жетегінде.
Ойпыр-ай,
Құста да Отан бола ма екен,
Жұмыр жер түгел құстар мекені ме?!
Қағылған қанаттары Көктен де еркін,
Өтеді Солтүстікке көктемді ертіп.
Тыраулап,
Қуқулайды…
Сыңси ма, əлде,
Пендеге пайымдатып шеккен дертін?!
Тізбекке телмірем де сүйсінемін,
Кеудеме күмбірлеген күй сіңеді.
Шіркін-ай,
Бірге ілесіп кете алмаймын,
Тағдырын қанаттының түйсінетін.
Тек өмір жаңылмайды қайталауын,
Сол ғана болса етті айтар уəйім…
Жерде де жасампаздық жетіп жатыр,
Сабама түсейін де,
Жай табайын…
Жай табайын,
Шабыт боп шайқалайын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу