Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  106


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Иек арттық күзге де,

Иек арттық күзге де,
Іздеуменен бақ таңын.
Арман екен іздеген –
Жалған екен тапқаның.
Ғашықтықтың өзі – мұң,
Алдандырмас біткен іс.
Аптық екен сезімің,
Шаттық екен күткенің.
Аз екен де аларың,
Тым көп екен берешек.
Құмай екен таланың,
Тұман екен келешек.
Ой қамайды күні-түн,
Ұстатпастан үзігін.
Сүйретеді үмітің,
Күйретеді күдігің.
Текетірес қайда да:
Қайғырасың,
Күлесің.
Іңкəрлік боп аймалап,
Ізгілік боп жүресің.
Қалт жібермей бірін де,
Кемісіне жүдедің.
Табиғатың – түріңде,
Шариғатың – жүрегің.
Қиянатты көргенде
Күйіп кеткің келеді.
Инабатты көргенде –
Сүйіп өткің келеді.
Əділдіктің заңдары,
Кəміл болмақ,
Білемін.
Шапағатты жандарға
Махаббатты тіледім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу