Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  148


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Қайта оралмас...

Қайта оралмас,
Өткен күндер жылыстап,
Түсін түстеп үлгермессің дұрыстап.
Жанға жайлы жайлау емес бұл өмір,
Саумал кеште жататұғын тыныстап.
Тост көтеріп,
Тойлап қайттық кеше де,
Осындайдан көгерсе егер көсеге.
Арзан күлкі,
Қысыр сөзді қолтықтап,
Күндер қалып бара жатыр көшеде…
Ұйқы көрмей,
Күлкі көрмей өт, мейлі,
Тындырмаған ісіңе шаш жетпейді.
Серпілу де керек шығар,
Бірақ та,
Өткен күннің өкініші кетпейді.
Амал қанша,
Кеш ұғамыз нені де,
Қапа болып жатпасақ та кеміне.
Бойкүйездік бір жүгендеп алған соң,
Енжарлық та шығармайды шегінен.
Өмір шіркін,
Осы, өгей шеше ме,
Талпынбасаң тұсауыңды кесе ме?
Арзан күлкі,
Қысыр сөзге алданып,
Өмір қалып қоймаса екен көшеде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу